Алматыда кәсіпкерлер, жастар ұйымдары мен шығармашылық ортаның бастамасымен «Жаңа Қазақстан» жастар қозғалысы құрылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мұндай бастаманы алғашқы болып кәсіпкер, меценат Сырымбек Тау көтерді.

«Біз заңды тұлға немесе саяси қозғалыс емеспіз. Біз қоғам белсенділеріміз. Тек жастарды бірлікке шақырғымыз келеді. Біз елімізді бірге дамытуымыз керек», – деді ол баспасөз мәслихатында.

Спикер Қазақстан Республикасы Президентінің Жаңа Қазақстанды құру туралы бастамасын қолдайтынын жеткізді.

«Әрине бұл бастаманы қуана қолдаймыз. Жастар болып елді бірлікке, берекеге шақыратын акциялар өткізу туралы ұсынысымызды қаланың көптеген оқу орындарындағы жастар қолдап отыр. Бұл акция наурыздың 18 күні өтеді»,- деді Сырымбек Тау.

Айтуынша, 18 наурыз күні сағат 14:00-де Алматы жастарына жақсы серпіліс беру үшін «Алматы аренада» жеке кәсіпкерлердің қолдауымен концерт ұйымдастырылады.

«Бұл студенттер фестивалі болады. Концертке танымал өнер жұлдыздары, кәсіпкерлер, қоғам белсенділері мен спортшылар қатысады, олар мерекелік бағдарламамен қоса, өнегелі әңгіме айтып, өз тәжірбиесімен бөліседі», – деді Сырымбек Тау.

G-38 студенттер қозғалысының негізін қалаушы Айсұлу Ерниязова студенттер бұл акция жайлы әлеуметтік желіден оқып, оны қуана қолдағанын жеткізді.

«Қаладағы онға жуық университеттің студентері де бұл акцияға қолдау көрсетті. Өйткені пандемия көпшілігімізге теріс әсер еткені белгілі, мұндай көңілді шаралар әсіресе жастар үшін қажет. Қазіргі 3-ші курста оқып жүргендердің студенттік өмірі пандемия басталған кезде, яғни 1 курстың бірінші семестірінен кейін тоқтап қалды. Ал, 1-2 курста оқитындар тіптен студенттік өмірді сезінген жоқ. Сондықтан қазір қаладағы студенттердің басын қосатын мұндай шараларға деген сұраныс өте жоғары. Жоғары буын әрі бизнес қауымдастық осындай шараны өткізуді қолға алғандықтан оны студенттер қуана қарсы алып отыр»,-деді Айсұлу Ерниязова.

Өз кезегінде шығармашыл жастардың өкілі Оңдасын Құлымбет ауқымды акция студенттердің бір-бірімен тіл табысып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Белгілі кәсіпқой боксшы Жанқош Тұраров та қолдау көрсетіп, Қазақстан халқын бірлікке, қоғамдық өмірге белсене араласуға шақырды.