Қазақстанда жоғары білім беру жүйесіне қабылдау тәртібін жаңғырту жоспарланып отыр. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді, деп хабарлайды Jas.kz.
Оның айтуынша, адами капиталды дамыту мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі. Бүгінде әлемде білім беру саласы қарқынды өзгеріп, жаңа модельдер енгізілуде. Осыған байланысты Қазақстанда да білім беру жүйесін жаңа деңгейге шығару көзделіп отыр.
«Адами капиталға инвестиция жасау – мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі. Бұл қағида жаңа Конституцияның прогрессивті идеяларының, сондай-ақ Мемлекет басшысы жүргізіп отырған саясаттың өзегіне айналды. Қазіргі таңда әлемнің жетекші елдерінде жаңа білім беру модельдері қалыптасып, цифрлық технологиялар енгізілуде. Мұндай тәсілдер оқушылардың қабілетін ерте анықтауға, таланттарды қолдауға және жеке білім беру траекторияларын дамытуға мүмкіндік береді», — деді Аида Балаева.
Министрдің сөзінше, қазіргі ҰБТ жүйесі жоғары оқу орындарына түсу кезінде ашықтық пен қолжетімділікті қамтамасыз етіп келеді. Алайда уақыт талабына сай оны жетілдіру қажеттілігі туындаған.
Жаңа өзгерістер аясында педагогикалық жоғары оқу орындарына қабылдау тәртібі қайта қаралады. Енді талапкерлерді іріктеу кезінде тестілеумен қатар арнайы емтихандар да енгізіледі. Бұл олардың тек білім деңгейін ғана емес, сыни ойлау қабілеті мен коммуникативтік дағдыларын бағалауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, педагогикалық мамандықтарға түсу кезінде ауызша емтихандар нәтижесі де ескерілмек. Бұл болашақ мұғалімдердің кәсіби бейімділігін жан-жақты анықтауға бағытталған.
«Педагог – жай ғана мамандық емес, бұл үлкен жауапкершілікті талап ететін қызмет. Сондықтан біз тек пәндік біліммен шектелмей, талапкерлердің ойлау қабілеті, талдау дағдылары және балалармен жұмыс істеуге дайындығы сияқты маңызды көрсеткіштерді де бағалауымыз қажет. Осы мақсатта тестілеу мен арнайы емтихандарды біріктіретін гибридті бағалау жүйесін енгізу жоспарланып отыр», — деп атап өтті вице-премьер.
Бұдан бөлек, ҰБТ форматын өзгерту ұсынылды. Болашақта тестілеуді бір рет тапсыру жүйесіне көшу қарастырылуда. Бұл грант конкурсына қатысу кезінде негізгі әрі объективті бағалау құралына айналуы тиіс. Ал талапкерлер үшін сынақ тестілеу мүмкіндігі сақталады.
Сондай-ақ жоғары оқу орындарына дайындық бағдарламалары (Foundation) арқылы шартты түрде қабылдау тәжірибесінен бас тарту жоспарланып отыр. Себебі мұндай жүйе бойынша қабылданған студенттердің айтарлықтай бөлігі оқу барысында қажетті деңгейге жете алмайтыны анықталған.
Жалпы, ұсынылып отырған өзгерістер білім сапасын арттыруға, дарынды талапкерлерді әділ іріктеуге және елдің ұзақ мерзімді дамуына негіз қалауға бағытталған.
