Петропавл қаласында «Қызыл-Жар» мешітінің имамының күртесінің қалтасынан 36,5 мың теңге ұрлаған әйелге сот үкімі шықты, деп хабарлайды Jas.kz Петропавловск.news. сайтына сілтеме жасап.
Қылмыстық істі Петропавл қалалық соты қарады. Іс материалдарына сәйкес, 2026 жылғы 6 ақпанда сағат 17:55 шамасында әйел Қ. Сәтбаев көшесі, 40 мекенжайында орналасқан «Қызыл-Жар» мешіті имамының қызметтік кабинетінде болған. Еркін қолжетімділікті пайдаланып, ол имамның күртесінің қалтасынан жасырын түрде 36 500 теңгені ұрлап кеткен.
Осы әрекетімен жәбірленушіге материалдық шығын келтірген.
Сот барысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындады. Оның кінәсі жәбірленушінің жауабымен және қылмыстық іс материалдарындағы өзге де дәлелдермен расталды.
Мемлекеттік айыптаушы әйелге 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұрады. Ал жәбірленуші бас бостандығынан айыру жазасын қолданбауды өтінген.
Жаза тағайындау кезінде сот әйелдің шын жүректен өкінгенін, кәмелетке толмаған баласының бар екенін және бұрын сотталмағанын жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Сондай-ақ іс жеделдетілген сотқа дейінгі тергеп-тексеру тәртібімен қаралғаны да назарға алынды.
Сот әйелді Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабының 1-бөлігі («Ұрлық») бойынша кінәлі деп танып, оған 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сондай-ақ жаза мерзімі бойы пробациялық бақылау белгіленді.
