Павлодар қаласында көпқабатты тұрғын үйдегі өрт кезінде екі адам, оның ішінде бір бала құтқарылды. Алайда өздігінен құтылмақ болып, екінші қабаттың терезесінен секірген бойжеткен ауруханада қайтыс болды, деп хабарлайды Jas.kz @Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Павлодар облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт туралы хабарлама 12 маусым күні сағат 03:55-те «101» қызметіне түскен. Өрт Баян батыр көшесіндегі бес қабатты тұрғын үйдің екінші қабатындағы пәтерден шыққан. Тілсіз жау сағат 04:22-де толық сөндірілді.
Құтқарушылар түтін басқан пәтерден екі адамды, оның ішінде бір баланы аман алып шықты. Олар түтіннен уланып, ауруханаға жеткізілді.
Сонымен қатар 2003 жылы туған қыз өрт сөндірушілер келгенге дейін өздігінен құтылуға тырысып, екінші қабаттың терезесінен секірген.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бойжеткен 12 маусым күні сағат 04:25-те Павлодар қалалық №3 ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан, ол сағат 05:50-де көз жұмды. Өлімнің нақты себебін анықтау үшін мәйіт сот-медициналық сараптамаға жіберілді.
Павлодар облыстық ТЖД өрт шыққан жағдайда 101 немесе 112 нөміріне дереу хабарласып, терезе мен балкон арқылы өздігінен эвакуациялануға әрекет жасамауға кеңес береді. Қатты түтін кезінде сабыр сақтап, құтқарушылардың көмегін күту қажет.
