Ревакцинация не үшін қажет?

151

Қазір КВИ індеті қайта күшейіп, эпиджағдай тұрақсыз болып отыр. Ал денсаулықты қорғаудың басты жолы вакцинация және ревакцинация болып қала бермек. №4 қалалық емхананың дәрігер-эпидемиологы Айман Досанова коронавирусқа қарсы вакцинаны кім және қашан алуы керектігін айтты. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты «Вечерняя Астана» газетіне сілтеме жасап хабарлайды.

– Ревакцинациядан кімдер өтуі керек?

Ревакцинацияға Қазақстан аумағында үш және одан көп ай бойы тұратын, КВИ-ға қарсы алғашқы вакцинациядан толық өткен шетелдік азаматтарды қоса есептегенде кез келген адам жатады.

Ревакцинация КВИ-ға қарсы алғашқы вакцинация курсы аяқталғаннан кейін 6 айда бір рет жүргізіледі.

Осыған дейін індетке қарсы вакцинацияның алғашқы курсын алған жүкті әйелдерді ревакцинациялау жүктіліктің 16-37 аптасы кезеңінде «Комирнати» (Pfizer, АҚШ) вакцинасы арқылы жасалынады.

Алғашқы вакцинацияның толық курсынан өткен, алайда коронавируспен ауырған адамның ревакцинациядан өтуі сауыққаннан кейін 6 айдан соң жасалады.

Ревакцинация кезінде алғашқы вакцинацияда қолданылмаған екпе түрін (белсенділігі жойылған вакцина, векторлық вакцина, М-РНК-вакцина) алу ұсынылады.

Дегенмен алғашқы вакцинацияда қолданылған екпе түрін алуға да рұқсат етіледі.

Шетелде ревакцинациядан өткен қазақстандықтар растайтын құжаттарды ұсынған кезде базаға енгізілетін болады.

Ревакцинация кезінде «Комирнати» (Pfizer) вакцинасы медицина қызметкерлеріне, 60 және одан жоғары жастағы КВИ ауыр көріністерінің даму қаупі жоғары адамдарға рұқсат етіледі.

– Ревакцинация не үшін қажет?

– Вакциналардың кейбір түрі аурудан өмір бойы қорғамайды. Сондықтан тұмауға, В гепатитіне, кене энцефалитіне қарсы вакцинацияларды үнемі алуыңыз керек. Коронавирусқа қарсы вакцинация жағдайында антиденелер саны бірнеше айдан кейін азая бастайды және ағза вирусты ұмытып қалмауы үшін тағы бір вакцина қажет.

– Ревакцинация алдында антиденелерге анализ жасау керек пе?

– ДДҰ антиденелердің мөлшеріне мән берместен ревакцинациядан өтуді ұсынады. Ұйымның хабарлауынша антиденелер вирустан қорғануға кепілдік бермейді. Ұйым мамандары вакцинацияны иммунитетке жетудің ең тиімді жолы ретінде кеңес береді және екпенің антиденелердің кез-келген деңгейінде қауіпсіз екенін хабарлады.

Коронавируспен ауырған және вакцинацияланған адамдар антиденелердің бірнеше түрін шығарады, бірақ олардың бәрі коронавирусқа қарсы тиімді емес. Талдау антиденелердің жалпы санын егжей-тегжейлі көрсетпейді, ал вакцинация антиденелерге зиянын тигізбейді.