Құтқарушылар мерекесі құтты болсын!

3843

Журналистер мен блогерлер 1 күнін еліміздің ең батыл да батыр мамандық иелері  – құтқарушыларға арнады. Олардың күнделікті өмірі мен салтына еніп көрді.

ҚР ІІМ ТЖ комитетінің ұйымдастырған шарада бірнеше нысанды аралап, құтқарушылық қызметтің қаншалықты қиын екендігін түсінгеніміз рас. Ең бірінші барған объектіміз – Астана су реттегіші. Қаланың ең шетінде орналасқан мұндай жердің бар екенін де білмеп едік. Бұл жер Астана қаласын Есіл өзенінің тасқын суларының жайылуынан қорғау үшін салынған. Ықтимал су тасқындарынынан қорғауға арналған су реттегіш оған қоса су қоймасынан шыққан авариялық суды ұстап қалуға да қауқары бар екен. Мысалға ағымдағы жылы оның көмегімен 264 млн. метр куб тасқын су ұсталды.

Одан әрі тіпті қызық болды. «Қазавиақұтқару» алаңына барып, дәл құтқарушылардай тікұшаққа мініп, әуе кемесімен Астананы аспаннан тамашаладық. «Қазавиқұтқару» – мемлекеттік органдар мен ұйымдарға тікұшақ қызметін ұсынатын бірыңғай оператор.

«Дағдарыс жағдайындағы басқару орталығына» келе сала құтқарушылардың жұмысы қарбаласпен өтетініне тағы бір рет куә болдық. Мұндай ұйымдардың бар-жоғына күнделікті мән бермейтін біз үшін олар талай тер төгуде.

Бұл жер «112» бірыңғай шұғыл шақыру қызметі күштерінің түрлі жұмыс істеу режимдерінде басқаруына мүмкіндік береді екен. Әр аймақ төтенше жағдайлардың орын алғаны, оның қалай шешімін тапқандығы жайлы да осы жерде есеп береді.

Ал келесі «Апаттар медицинасы орталығында» медициналық бригадалардың жұмыс барысымен танысып, әр түрлі апараттарды сынап та көрдік.

«Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» объектісінде құтқарушылар күнделікті қолданатын техниканың түр-түрін көріп, олардың пайдаланатын соңғы технологияларымен де таныстық. Қарамағында барлығы 2722 техника болса, соның 1832 өрт сөндіру техникасы екен.

Өзімізді әбден «құтқарушы» сезіну үшін полигондық жағдайда ас та іштік. «Жауынгерлерден ас дайындауда асқан шебер жоқ», – дегенді естігенімізбен, дәл осы сәтте оған өзіміздің көзіміз жетті.

Ең соңғысы болғанымен, қызығы мен қиындығы жағынан кем түспейтіні – «Жедел-құтқару жасақтары». Көзімізге үйреншікті көрінгенімен, әрбір құтқарушы үлкен дайындықтан өтеді екен. Спортттық және эмоционалдық тұрғыда дайын болуы шарт. Бұл жерде спорттық дайындықты қалай жүзеге асыратындықтарын бізге паш етіп, таңдай қақтырды.

Жыл басынан бері өңірлік және жеде-құтқару жасақтары 4498 адамды құтқарды, 6798 адамды эвакуациялады, 719 зардап шеккенге алғашқы медициналық көмек көрсетті және 8938 шығу жасады.

Ерен еңбектің арқасында ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген оларды бүгінгі күннің батыры десек те артық етпес.

Қандай да оқиға болмасын, бар күш-жігерін салып құтқару жұмыстарын жүргізіп жүрген Құтқарушылардың мерекесімен  баршаңызды құттықтаймыз! Жақын арада дәл осы ұмытылмас сапарымыздан арнайы түсірілген видеорепортаж күтіңіздер!