Қарағандыда 18 жастағы спортшы турнирден кейін комаға түсті: отбасы әділ тергеу талап етеді

83

Қарағанды қаласында өткен жекпе-жек турнирі ауыр оқиғамен аяқталды. 14–15 ақпан күндері ұйымдастырылған жарысқа қатысқан 18 жастағы спортшы жекпе-жектен кейін комаға түсіп, қазір жансақтау бөлімінде ауыр жағдайда жатыр, деп хабарлайды Jas.kz ekaraganda.kz тілшісі хабарлады.

Жәбірленушінің әпкесінің айтуынша, Арслан спортпен бала кезінен айналысады, ал ММА-мен кәсіби түрде 2022 жылдан бері шұғылданған. 14 ақпанда ол екі жекпе-жек өткізіп, екеуінде де жеңіске жеткен. Сол күнгі жарыстан кейін оның жағдайы тұрақты болған, тек ісіну мен жеңіл сызаттар байқалған, бұл аталған спорт үшін қалыпты жағдай.

Алайда 15 ақпан күні шамамен сағат 17:00-де өткен келесі жекпе-жек кезінде жағдай күрт өзгерген. Әпкесінің сөзінше, қарсыласы оның ағасына басымен төмен қарай лақтыратын тәсілді қолданған. Бұл әдіс, туыстарының айтуынша, аталған спорт түрінің ережелерімен тыйым салынған. Құлағаннан кейін спортшы орнынан әрең тұрып, басын ұстап, абдыраған күйде болғанына қарамастан, төрешілер жекпе-жекті тоқтатпаған, екінші раунд басталған.

Келесі раунд аяқталған соң, жас спортшы кенеттен есінен танып, құлап, тынысы тарылып, сырылдай бастаған.

«Ол тікелей рингтің үстінде комаға түсті», – дейді әпкесі.

Туыстары турнир барысында медициналық қамтамасыз етуде өрескел заңбұзушылықтар болғанын алға тартады. Олардың айтуынша, жарыс алаңында қажетті реанимациялық құрал-жабдықсыз тек бір ғана медбике болған, жедел жәрдем көлігі кезекшілік етпеген. Жәбірленушіні омыртқасын бекітпестен көтеріп, жеке көлікпен ауруханаға жеткізген. Оны алып жүргендер арасында жаттықтырушы немесе ұйымдастырушылар өкілдері емес, кәмелетке толмаған достары болған.

Алғаш жеткізілген медициналық мекемеде нейрохирург болмағандықтан, қажетті көмек дер кезінде көрсетілмеген. Кейін спортшыға бас миының посттравмалық қан құйылуы, мидың ауыр соғылуы, сол жақ жартышардың жедел субдуралды гематомасы, ми ісінуі және 2–3 дәрежелі кома диагноздары қойылып, шұғыл операция жасалған.

Қарағанды облыстық жекпе-жек федерациясының президенті Әділет Нұрмадиевтің ресми түсініктемесінде барлық материалдардың тергеу органдарына тапсырылғаны, қазір тергеу жүріп жатқаны, оның қорытындысы бойынша турнир ұйымдастырушыларының кінәсі бар-жоғы анықталатыны айтылған. Сондай-ақ облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы да өз тексеруін бастағанын мәлімдеді. Федерация басшысы спортшының өміріне қауіп жоқ, жағдайы тұрақты екенін жеткізген.

Алайда денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сәйкес, жәбірленушінің жағдайы ауыр деп бағаланып отыр, ол әлі де жансақтау бөлімінде.

Туыстарының айтуынша, оқиғадан кейін ұйымдастырушылар мен жаттықтырушылар тарапынан отбасыға ешкім хабарласпаған. 16 ақпанда олар полицияға жүгінгенімен, өтініш бірден қабылданбаған. Сол күні прокуратураға да арыз түсірілген, алайда ол да тіркелмеген. Тек 17 ақпанда, оқиғадан екі тәулік өткен соң ғана өтініш ресми түрде қабылданған.

Отбасы турнир ұйымдастырушыларының, төрешілер мен жаттықтырушылардың әрекеттеріне құқықтық баға беріліп, жарыстың медициналық қамтамасыз етілуі жан-жақты тексерілуін, сондай-ақ жауапты тұлғалардың ықтимал әрекетсіздігі бағалануын талап етеді.

«Бұл бір ғана адамның тағдыры емес, барлық спортшылардың қауіпсіздігі туралы мәселе. Мұндай жағдай спорттық іс-шараларда болмауға тиіс», – дейді жәбірленушінің әпкесі.

Қарағанды облысының полиция департаменті аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 114-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Қазір болған оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.