Әлеуметтік желілер мен кейбір БАҚ-та әлеуметтік көмектің автоматты түрде тағайындалатыны туралы жалған ақпараттың таралуына байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды Jas.kz.

«Әлеуметтік көмек – мемлекеттің атаулы қолдау шарасы және белгіленген мұқтаждық критерийлеріне сәйкес келетін, қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарға ғана көрсетіледі. Көмек тағайындау қолданыстағы заңнамада және мәслихаттардың шешімдерінде айқындалған негіздер бойынша жүзеге асырылады, белгіленген талаптарға сәйкестігі құжат жүзінде расталған жағдайда ғана мүмкін болады», — делінген хабарламада.
eGov порталы арқылы өтініш беру – әлеуметтік көмекке жүгінудің бір тәсілі ғана және оның автоматты түрде тағайындалуына кепілдік бермейді.
Көмек алушы санаттардың тізбесі, көмекті көрсету шарттары және қажетті құжаттар тізімі әр өңірде мәслихаттар тарапынан жеке-жеке бекітіледі және жергілікті атқарушы органдардың ресми интернет-ресурстарында орналастырылады.
Ведомствоның барлық түскен өтініштер жергілікті атқарушы органдарда белгіленген тәртіппен қаралатынын және жалған ақпарат тарату заң бойынша жауапкершілікке тартылатынын ескертеді.
