Биыл елордада 22 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Азамат Байтасов айтты.

Халықты жұмыспен қамту орталығында 3 823 жұмыссыз, оның ішінде 915 жас есепте тұр.

«Жыл басынан бері 1614 адамды жұмысқа орналастырдық. Оның ішінде 558-і – жастар. 2022 жылы жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 22 мыңға жуық адамды қамту жоспарланып отыр. Оның ішінде 7 150 адамды тұрақты жұмыс орындарымен қамтиымыз. «Жастар» тәжірибесіне 998 адам жіберіледі. Қазіргі таң бұл бағдарлама аясындағы жалақы 122 мың теңгені құрайды. Жалақыны мемлекет төлейді. Әлеуметтік жұмыс орындарына 130 адам жолдаймыз. Бағдарлама аясында жалақының 35 пайызын мемлекет субсидиялайды. Мәселен, жұмыс беруші мұндай азаматтарға 100 мың теңге жалақы тағайындаса, онда оның 35 мыңын мемлекет, қалғанын жұмыс беруші өзі төлейді. Қоғамдық жұмыстарға 1 307 азаматты жібереміз. Алғашқы жұмыс орнына 179 адам жіберіледі. Мемлекет тарапынан төленетін жалақы мөлшері 91 мың теңгені құрайды. Сонымен қатар биыл «Ұрпақтар келісімшарты» бағдарламасын іске асырамыз», – деді Азамат Байтасов.

Дереккөз: ҚазАқпарат