«Шәкірттерім шетелдің ЖОО-на грантқа түскен»: Жас мұғалім оқушыларды ҰБТ-ке тегін дайындап жүр

111

Астаналық жаңашыл ұстаз Нұрбай Нұрсапа мектеп оқушыларын ҰБТ-ға дайындау үшін тегін сабақтар өткізеді. Ол Нұр-Сұлтан қаласындағы №66 мектеп-лицейде химия пәнінен сабақ береді, сонымен қатар оқушыларды олимпиадаларға және ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындайды.

Жас педагог сабақтан тыс уақытында өзінің  YouTube және Telegram арналарында тікелей эфирде бейнесабақтар жүргізеді. Онлайн сабақтар YouTube-те 50 мың сағатқа жуық қаралым жинады, ұстаздың каналы мен әлеуметтік желілердегі парақшаларында оқырмандары күн санап артып келеді. Әсіресе, онлайн сабақтарға ауыл түлектері үлкен қызығушылық танытуда.

«Әлеуметтік желілерде видеосабақтар өткізудегі бастапқы мақсатым ауылдағы мектеп оқушыларын ҰБТ-ға тегін әрі тиімді дайындауға көмектесу болды. Себебі ауылда жеке дайындаушымен жұмыс жасау, арнайы дайындық курстарына қатысу көп жағдайда мүмкін емес. Ең ұзақ тікелей эфир 7 сағаттан астам уақытқа созылды, осы уақыт ішінде оқушылармен ҰБТ-дағы ең қиын 100 тапсырманы шештік. Менің сабақтарымды еліміздің әр өңірінен мектеп оқушылары тамашалап, химия пәнінен тереңірек білім алып жатқаны қуантады. Шәкірттерімнің арасында еліміздің жетекші жоғары оқу орындарына , шетелдің жоғары оқу орындарына грантпен оқуға түскендері көп», –  дейді Нұр-Сұлтан қаласындағы №66 мектеп-лицейінің химия пәнінің мұғалімі Нұрбай Нұрсапа.

Бейнесабақтар арқылы жас мұғалім күрделі формулаларды оңай әрі ұғынықты түсіндіреді, қызықты химиялық тәжірибелер өткізеді және студенттерге әртүрлі есептерді шығаруға көмектеседі. Сондай-ақ Нұрбай Нұрсапа өз мектебінің оқушыларын химия пәнінен олимпиадаларға дайындайды. Оның шәкірттері 8 рет республикалық пән олимпиадасының жеңімпазы атанып, алтын, күміс, қола медальдарды иеленді.

«Нұрбай Нұрсапа өте сауатты, кәсіби білікті ұстаз. Бұрын ұлым Әмірбек Бақдәулет тек спорттық жарыстарға қызығушылық танытса, Нұрбай Нұрсапа химия пәнінен сабақ бере бастағалы жаратылыстану пәндеріне қызыға бастады. Нәтижесінде ұлым 9-сыныпта Республикалық химия пәні олимпиадасының күміс жүлдегері атанды. Енді ол келесі жарысқа дайындалып жатыр. Мен ұлымның осындай тамаша ұстазы барына қуаныштымын және балалардың білімге деген сүйіспеншілігін оятқаны үшін талантты мұғалімге алғыс айтамын», – дейді ата-ана Жәнібек Устаев.

Нұрбай Нұрсапа балаларды түрлі зияткерлік сайыстарға дайындап қана қоймай, өзі де ұстаздар арасындағы сайыстарға белсенді қатысып, жүлделі орындарды иеленуде. Ол қалалық, республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпазы. Сондай-ақ жаңашыл ұстаз өзге әріптестерімен өзінің тәжірибесімен қуана бөліседі. Химия пәні мұғалімдеріне оқу-әдістемелік құралдар әзірлеп, оқу вебинарларын өткізеді. Нұрбай Нұрсапа зияткерлік олимпиадаға қатысушыларға арналған химиядан есептер жинағын да шығарды.