Кореялық көліктің 1.4 мың данасы өтті, бұл басты бәсекелестерінен үш есе көп. Бұл туралы Kolesa.kz хабарлады.

Жыл сайын қаңтарда жаңа машина аз сатылады, биыл да солай болды. Оның үстіне жыл басындағы елдегі тәртіпсіздік, утилизациялық алым жинауды уақытша тоқтату және тасымалдау мәселесі нәтижеге айтарлықтай әсер етті.

Қаңтарда жеңіл коммерциялық көліктер, 161 дана жүк көлігі, арнайы техника және автобустарды қоса есептегенде жалпы 3755 жаңа машина сатылды. Бұл 2021 жылғы қаңтармен (8342 дана) салыстырғанда 53 %-ға аз. Ал былтыр желтоқсанда 10 723 автомобиль иесін тапқан еді.

Қаңтарда автонарық көшбасшысы ауысты. Бірінші орынға 1417 машинасы өткен «Hyundai» шықты. Екінші қатарға «Toyota» (497) жайғасты. Ал 2021 жылы ең көп сатылған «Chevrolet» (321) үшінші сатыға сырғыды. Үздік бестікке «Kia» (274) мен «Lada» (234) енді.

2022 жылғы қаңтар қорытындысы бойынша жаңа көліктер нарығындағы үздік 10 марка

Орын Марка 2021 жылғы 1 айдағы сатылым (дана)
1 Hyundai 1417
2 Toyota 497
3 Chevrolet 321
4 Kia 274
5 Lada 234
6 Renault 167
7 Nissan 147
8 Haval 112
9 Volkswagen 104
10 JAC 101

Танымал модельдер тізімінде Hyundai-дың екі моделі Elantra седаны (496 дана) мен Tucson кроссовері (274) көш бастады. Үздік үштікті Toyota Camry (238) түйіндеді. Одан кейін «хёндэнің» тағы екі моделі Accent (227) пен Creta (215) жайғасқан. Былтыр ең көп сатылған Chevrolet Cobalt (138) пен Nexia (110) алтыншы және оныншы орынға ие болды. Сондай-ақ Kia Sorento (131) қаңтарда үздік ондыққа еніп, жетінші қатардан көрінді.