Көлік тапшылығы күзге дейін жалғасады. Бұл туралы kolesa.kz жазды.

2021 жылы автоөнеркәсіп қиындыққа тап болды. Жартылай өткізгіш секілді аса маңызды компоненттер жетіспей, өндіріс көлемі төмендеді. Атап айтқанда, Ford Motor концерні өндірісті 26 %-ға, General Motors 21 %-ға, Volkswagen Group 13 %-ға, Stellantis 13 %-ға, Renault, Nissan және Mitsubishi 10 %-ға қысқартуға мәжбүр болды. Toyota Motor ғана оң нәтиже көрсетті.

Қазір микроэлемент шығаратын компаниялар күш салып, автоөндіріске қажетті чиптерді жеткізу көлемін арттырып жатыр. LMC Automotive агенттігінің болжамына сенсек, мәселе 2022 жылдың III тоқсанында шешіледі. Сұранысқа сай өндіріс көлемі біртіндеп бұрынғы қалпына келеді.

Autonews Europe басылымы сатылым мөлшері Еуропада 7 %-ға артып, 17.8 млн машинаға жетеді деп болжайды. Бұл көрсеткіш Солтүстік Америкада 6 %-ға (18.7 млн дана), Қытайда 5 %-ға (26.6 млн дана), Оңтүстік Америкада 9 %-ға (3.6 млн дана), Азияда 7 %-ға (15.3 млн дана) өседі.

Әлемдік автонарықтағы жағдай Қазақстанға да әсер етті, қосымша опциялар үшін ақша төлемей, салоннан жаңа көлік сатып алу мүмкін емес. Сонда да жаңа машинаға сұраныс артып келеді. 2021 жылы елде коммерциялық көліктерді қоса есептегенде 117 590 жаңа машина сатылды. Бұл коронавирус жайлаған 2020 жылмен салыстырғанда 25.9 %-ға, ал дағдарысқа дейінгі 2019 жылмен салыстырғанда 56.4 %-ға артық.