Қазақстанда екінші атом электр станциясының жұмыс атауы «Мойынқұм» АЭС деп белгіленді. Бұл нысан да алғашқы станция сияқты Балқаш көлі маңында орналасуы мүмкін. Бұл туралы Атом энергиясы агенттігінің басшысы Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Jas.kz Курсивке сілтеме жасап.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта құрылысқа арналған үш ықтимал алаң қарастырылып жатыр. Жоба бойынша станция әрқайсысының қуаты 1200 МВт болатын екі энергоблоктан тұрады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, технология жеткізушілерімен келіссөздер жүргізілуде.
Агенттік басшысы екінші атом станциясын салуда қытайлық CNPC компаниясы басым әріптес ретінде қарастырылып отырғанын атап өтті.
Бұған дейін Қазақстан Балқаш маңында салынатын алғашқы АЭС параметрлерін анықтаған болатын. Халықаралық консорциумның көшбасшысы ретінде ресейлік «Росатом» таңдалды. Станцияның жалпы қуаты 2,4 ГВт (ВВЭР-1200 типті екі блок) болады.
Алғашқы АЭС құрылысы 2035–2036 жылдары аяқталуы мүмкін. Жобаның құны шамамен 15 млрд доллар деп бағаланғанымен, шығынның артуы ықтимал екені айтылған.
Дайындық жұмыстары басталып кеткен. 2025 жылдың тамыз айында «Росатом» мамандары Алматы облысындағы Үлкен ауылы маңында барлау ұңғымаларын бұрғылауға кіріскен.
Екінші және үшінші АЭС жобалары бойынша консорциум жетекшісі ретінде қытайлық China National Nuclear Corporation таңдалды. Сонымен қатар, жобаларға басқа да халықаралық компаниялардың қатысу мүмкіндігі қарастырылуда. Атап айтқанда, француздық EDF компаниясы ынтымақтастыққа қызығушылық білдірген.
Қазақстан технология жеткізуші ретінде төрт компанияны қарастырған: CNNC, «Росатом», Оңтүстік Кореяның KHNP және француздық EDF.
