Жастар саясатына мемлекеттік бюджеттен 5 жылда 13 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінген. Бұл туралы «PaperLab» зерттеу орталығының директоры Серік Бейсембаев Қазақстандағы жастар корпусын дамыту жобасы – Zhas Project кезеңдері бойынша зерттеу қорытындысын баяндау кезінде айтты.
Оның айтуынша, аталған қаражаттың жартысы жастар орталықтарын ұстауға жұмсалған.
«Жастар саясаты қалай қаржыландырылады? Мұнда әкімдіктер, жергілікті атқарушы органдар және гранттық қаржыландыру жүйесі арқылы іске асырылатын мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс сынды бірнеше дереккөзді көрсетуге болады.
Бүгінгі таңда оператор – мемлекеттік бастамаларды қолдау орталығы болып отыр. Салалық мемлекеттік бағдарламалар аясында «Еңбек» бағдарламасы, Жастар практикасы, Бизнес Бастау сынды жастар саясаты қаржыландырылады. Зерттеу аясында 2016 жылдан 2021 жылға дейінгі шығындар талданды.
5 жылда мемлекеттік бюджеттен 13 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді. Бұл ретте қаражаттың жартысы жастар орталықтарын ұстауға жұмсалған. Бұл — жастар саясатына жұмсалатын шығынның бір бөлігі. Салалық бағдарламалар, гранттық қаржыландыру арқылы айтарлықтай қаражат бөлінеді», — деді Серік Бейсембаев.
Дереккөз: ҚазАқпарат