Қазақстанда вакцинадан бас тарту көбейіп барады – Денсаулық сақтау министрлігі

Басқа ақпараттар

Соңғы жылдары Қазақстанда вакцинадан бас тарту жағдайлары артып келеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының Иммунопрофилактика орталығының басшысы Нұршай Азимбаева мәлімдеді, деп хабарлайды Jas.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Оның айтуынша, елде иммундау бағдарламасы айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізген. Соңғы 50 жылда вакцинацияның арқасында нәресте өлімі шамамен 40%-ға төмендеген. Сонымен қатар бірқатар жұқпалы аурулар күрт азайған: паротит 12 194 жағдайдан 1 жағдайға дейін төмендесе, А гепатиті 80 еседен астам, В гепатиті 94 еседен астам, ал қызамық 180 еседен астам азайған. Полиомиелит 1996 жылдан бері, дифтерия 2009 жылдан бері тіркелмеген.

«Иммундау бағдарламасы 21 инфекцияға қарсы егуді қамтиды. Елге тиімді әрі қауіпсіз вакциналар жеткізіліп, балаларға қолданылатын барлық екпелер Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сертификаттаған», — деді спикер.

Алайда осы жетістіктерге қарамастан, халық арасында вакцинадан бас тарту көбейіп келеді. 2025 жылы ел бойынша 25 мыңнан астам бас тарту тіркелген, бұл 2021 жылмен салыстырғанда шамамен 3,5 есе көп.

Соңғы үш жылда елде қызылша мен көкжөтел бойынша жағдай күрделене түскен. Ауруға шалдыққандардың басым бөлігі — вакцина алмаған балалар: қызылша жұқтырғандардың 75%-дан астамы, көкжөтелмен ауырғандардың 89%-дан астамы екпе алмаған.

Мамандардың айтуынша, бұл жағдай вакцинацияның маңызын тағы да айқындай түседі. Сондықтан халықтың ақпараттандыру деңгейін арттыру үшін түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Айта кетейік, вакцинация туралы толық ақпаратты egu.kz сайтынан немесе 7701 «жедел желі» нөмірі арқылы алуға болады.

Соңғы жарияланымдар

Шекарада ұсталды: мыңға жуық малды шетелге шығармақ болғандар әшкереленді

Мемлекет басшысының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бағаны тұрақтандыру жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Ішкі істер министрлігі ауыл шаруашылығы жануарларын...

Өзге жазбаларды оқи отырыңыз