Каспий құбыр консорциумының (ҚКК) теңіз терминалында мұнай тиеу жұмыстары уақытша тоқтатылды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі мәлімдеді.
Ведомствоның түсіндіруінше, мұндай шешім Қара теңіз акваториясындағы кемелердің, экипаждардың және қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданған. Сонымен қатар консорциумның барлық өндірістік және техникалық нысандары штаттық режимде жұмысын жалғастырып жатыр. Жағдай тұрақталғаннан кейін мұнай тиеу операциялары бірден қайта басталады.
Министрліктің мәліметінше, құбыр жүйесіне мұнай қабылдау көлемінің уақытша шектелуіне байланысты және резервуарлардың шамадан тыс толып кетуіне жол бермеу үшін мұнай өндіруші компаниялар тәуліктік өндіріс көлемін жоспарлы түрде азайтқан. Соның салдарынан мұнай өндіру көлемі уақытша төмендеген.
Энергетика министрлігі бұл өзгерістердің технологиялық сипатта екенін және өндірістік процестердің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.
Қазіргі уақытта министрлік ҚКК басшылығымен, ірі мұнай жөнелтушілермен, кеме иелерімен және салалық мемлекеттік органдармен тұрақты байланыста жұмыс істеп жатыр. Тараптар кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қазақстандық мұнай экспортын әлемдік нарықтарға мүмкіндігінше қысқа мерзімде қалпына келтіру мәселелері бойынша консультациялар жүргізуде.
