Пятница, 11 октября, 2024
No menu items!

Әжелер ансамблі ЭКСПО көрігін қыздырды

Басқа ақпараттар

ЭКСПО-ға 1 мың 600 шақырым жерді артқа тастап, Алматы облысының Райымбек ауданына қарасты Сарыбастау ауылынан арнайы автобуспен «Ақкер» әжелер ансамблі келді.

Кимешек киген оншақты ақ жаулықты ана көрменің ашық алаңында  концерт беріп, жұртты өз өнерлерімен тәнті етті. Осыдан 15 жыл бұрын құрылған топтың репертуары кілең халық әндерінен тұрады. Сөзі мен әуені үйлескен, бұл күнде  хитке айналған заманауи туындылары да бар. Әжелер соның біразын ЭКСПО аумағында шырқады. Ал көрмені аралап жүріп, «тосын сыйға» куә болған қала тұрғындары мен қонақтары, тіпті, шетелдік саяхатшылар арнайы аялдап, концертті соңына дейін тамашалады. Олар өнерпаз әжелерді  ұялы телефондарына  түсіріп, ду қол шапалақ соғып тұрды.

«Ауылдың алты ауызы көрмеге әкелген арнайы тартуымыз. Мақсатымыз — ұмытылып бара жатқан халық әндерін қайта жаңғыртып, өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге көрсету, ұлттық өнерді дәріптеу. Сарыбастауда ғана емес, аудан мен облыс көлемінде де гастрольдік сапарларға шығып жүрміз. Ал ансамбльдің атауы қысы-жазы басынан қар кетпейтін ауылымыздағы Ақкер тауының құрметіне қойылған. Көңіліміз сол шыңдай әрдайым ақ болсын деген ниеттен туындаған», — дейді әжелер ансамблінің жетекшісі Әсемхан Тезекбаева.

Айта кетерлігі, ЭКСПО-ға  Қытаймен шекаралас жерде жатқан шалғайдағы елді мекеннен әжелерден бөлек, мұғалімдер мен дәрігерлер, оқушылар, Сарыбастаудың өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүрген азаматтар, барлығы 50-ге жуық адам келді. Ал олардың жатын жерлері мен  тамағын, ЭКСПО-ға кірген билеттері мен жол шығындарын  Сарыбастаудан шыққан жомарт азаматтардың демеушілігімен құрылған «Ұлағатты ұрпақ» қоғамдық қоры көтерген.

Қор президенті Айдар Мәсімғазының пікірінше, ЭКСПО Қазақстанды әлемге тағы бір жаңа қырынан танытқан тамаша имиджік жоба, Тәуелсіз Қазақстанның әл-ауқаты мен әлеуетін жер жаһанға паш етіп жатқан өнегелі игі іс. Сондықтан да мұндай маңызды шараны еліміздің түкпір-түкпіріндегі ауыл тұрғындарының әрқайсысы, әсіресе, жас балалардың көріп-білгені, ой түйгені аса маңызды. Бұл — әрбір адамның патриоттық сезімін күшейтіп, келешекке сенімін нығайта түседі. Ал «Ақкер» әжелер ансамблінің тағы бір мүшесі Райхан Байекеқызы: «Біз еліміздің мақтанышына айналған ЭКСПО-ның жетістігін, Астанадағы жігерлі жастардың істерін көруге келдік. Бәрі тамаша, ұнап жатыр», — дейді.

- Advertisement -spot_img
- Advertisement -spot_img
Соңғы жарияланымдар

2024 жылғы 7-13 қазан күндері өтетін жарыстар аңдатпасы

Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі ин ұсынды. 🔹 7-13 қазан – Үстел теннисінен XXVII Азия чемпионаты Астанада алғаш рет үстел теннисінен...
- Advertisement -spot_img

Өзге жазбаларды оқи отырыңыз

- Advertisement -spot_img