Понедельник, 23 декабря, 2024
No menu items!

Астанада Қазақстан туризмінің болашағы талқыланды

Басқа ақпараттар

Астанада «Қазақстан туризмінің болашағы: стратегиялар, сын-қатерлер және шешімдер» атты стратегиялық сессия өтті. Қатысушылар саладағы негізгі сын-қатерлерді талқылап, 2024 жылдың жетістіктерін қорытындылады. Сондай-ақ саланың болашақтағы даму жоспарын айқындады.

Сессияға ҚР Үкіметі Аппараты мен ҚР Сыртқы істер министрлігі секілді мемлекеттік құрылымның өкілдері, Kazakh Tourism және Kazakh Invest ұлттық компанияларының басшылары, сондай-ақ Қазақстан туристік индустриясының жетекші халықаралық сарапшылары мен өкілдері қатысты. Халықаралық спикерлер арасында Marriott International және Gratiya Advisory компанияларының өкілдері сөз сөйлеп, әлемдік тәжірибелерін ортаға салды.

 

Іс-шара барысында саланың 2024 жылғы жұмысы қорытындыланды. Мәселен, биыл шетелдік туристер ағыны 11,5 миллион адамға жетіп, 2023 жылмен салыстырғанда екі есе артты. Орналастыру орындарының табысы 27%-ға артып, 224 миллиард теңгеге жетті. Сондай-ақ Қазақстанның әлемдік туристік нарықтағы имиджін нығайтуға ықпал еткен «Қазақстан бойынша гид» атты ауқымды конкурс пен қазақстандық белгілі тұлғалар қатысқан халықаралық жарнамалық науқандар сынды жобалар іске асырылды.

«Жыл басынан бастап жеке инвесторлар мен кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыруға назар аудару қажет. Сонымен қатар туристік салаға тікелей шетелдік инвесторларды тарту жөніндегі жұмыстарды жандандыру керек. Бұдан бөлек, курорттық аймақтардың инженерлік-инфрақұрылымдық қамтамасыз етілуін жақсарту үшін, соның ішінде жолдар, электрмен қамтамасыз ету және су құбыры жүйелері бойынша қажетті нормативтік құқықтық актілер мен заңнамаға өзгерістер енгізу маңызды», – деп атап өтті Туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев.

 

Жиында мемлекеттік қолдау механизмдерін жетілдіруге, саланың инвестициялық тартымдылығын арттыруға және Kazakh Tourism-нің стратегиялық рөліне ерекше назар аударылды.

Сессия қорытындысы бойынша қатысушылар Қазақстандағы туризмді дамыту үшін нақты қадамдарды айқындап, Kazakh Tourism функцияларын жетілдіру, жаңа қаржыландыру тетіктерін енгізу және еліміздің халықаралық туристік алаңдағы орнын нығайту мәселелерін қарастырды.

Туризм және спорт министрлігі Қазақстанның туристік саласының тұрақты өсуіне негіз болатын сындарлы диалог пен ынтымақтастық үшін барлық қатысушыларға алғыс білдіреді.

Соңғы жарияланымдар

Молдовалық маман «Ордабасының» тізгінін ұстады

Андрей Мартин – «Ордабасы» клубының жаңа бас бапкері болып тағайындалды. Молдова маманы клубпен келісімшартқа отыру үшін бүгін Шымкентке келді. Бұған...

Өзге жазбаларды оқи отырыңыз