Көкшетауда агросубсидияны жымқырғандар сотталды: мемлекетке 152 млн теңге залал келтірілген

Басқа ақпараттар

Көкшетау қаласында агроөнеркәсіп кешені субъектілеріне берілетін мемлекеттік субсидияларды жымқыру ісі бойынша үкім шығарылды, деп хабарлайды Jas.kz ҚМА сілтеме жасап.

Тергеуді ҚМА Ақмола облысы бойынша департаменті жүргізді.

Екі жыл бойы «МолПродЖаркаин» ӘКК директоры А.С. Ефимкина және «Рассвет» шаруа қожалығының басшысы А.В. Маслов сүт және оны терең өңдеу өнімдерінің өндірісін арзандатуға арналған субсидияларды заңсыз алған.

«Рассвет» шаруа қожалығында мәлімделген көлемде сүт өндіруге жеткілікті мал басы болмаған. Соған қарамастан электрондық шот-фактуралар ақпараттық жүйесінде «МолПродЖаркаин» ӘКК-не  3 млн кг-нан астам шикі сүт жеткізілгені туралы жалған құжаттар рәсімделген.

Осы құжаттар негізінде сүтті сары май мен қатты ірімшікке өңдеу туралы есептер жасалып, уәкілетті орган өтінімдерді мақұлдағаннан кейін қаражат кәсіпорынның есепшотына аударылған.

Мемлекетке келтірілген жалпы залал 152 млн теңгені құрады.

Бұдан бөлек, алынған субсидиялардың бір бөлігі жасыру мақсатында Ефимкинаның туысының депозиттік шотына аударылған. Кейін бұл қаражатқа жалға беріліп, табыс табу үшін пайдаланылған мобильді ғимарат сатып алынған.

Тергеу барысында 6 жер учаскесіне, 4 пәтерге, 11 автокөлікке, мобильді ғимаратқа және өндірістік нысанға тыйым салынды.

Сот үкімімен А.В. Маслов пен А.С. Ефимкина 6 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Мобильді ғимарат мемлекет кірісіне тәркіленді.

Қалған мүлікке салынған тыйым азаматтық талап толық орындалғанға дейін сақталады.

Үкім заңды күшіне енді.

Соңғы жарияланымдар

Ұлытау облысында адвокат аса ірі мөлшердегі алаяқтық және пара беруге итермелеу фактісі бойынша сотталды

Осы жылдың ақпан айында облыс прокуратурасының үйлестіруімен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаментімен Ұлытау облысы адвокаттар алқасының адвокатын ұстады6 деп хабарлайды...

Өзге жазбаларды оқи отырыңыз