Бүгін Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен ҚР аумағында коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті.
Елдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануын ескере отырып, ведомствоаралық комиссия келесідей шешімдер қабылдады:
- үй-жайларда міндетті маска тағу талабын алып тастау;
- медициналық мекемелерде (персонал, қызметкерлер, пациенттер, келушілер) медициналық маскаларды тағу міндетін өз күшінде қалдыру;
- адам көп жиналатын орындарда, қоғамдық көлікте, ұйымдасқан ұжымдарда маска тағуды ұсынымдық сипатта қалдыру;
- білім беру ұйымдарында оқытудың кабинеттік жүйесіне рұқсат беру.
Сондай-ақ комиссия шешімімен «Pfizer» препаратымен вакциналауға жататын тұлғалар контингенті кеңейтіледі, ол мынадай санаттармен толықтырылады:
• бастапқы вакциналаудан өтетін, профилактикалық вакцина алғысы келетін адамдар;
• түрлі себептермен шетелге шығу үшін қайталама екпе алушылар;
• шетелде алған вакцина курсын аяқтау үшін екпе алушы тұлғалар;
• COVID-19 вирусына қарсы ревакцинация алушы барлық топтағы адамдар.
Отырыс соңында Е. Тоғжанов қолайлы эпидемиологиялық жағдайды қамтамасыз етудің басты шарттарының бірі азаматтарды уақытылы иммундау және ревакциналау екенін атап өтті. Ол әкімдіктерге коронавирус инфекциясына қарсы егу науқанын ерекше бақылауға алуды тапсырды және халық арасында сапалы түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігін атап өтті.