Ата-анамыз, ата-әжеміздің жас кезінен махаббат хикаяларын естіп отырып, шынайы махаббаттың барына кіршіксіз сенеміз. Дегенмен, бүгінде қарым-қатынас құру бұрынғы заманға қарағанда әлдеқайда қиындай түскендей. Оған себеп әлеуметтік желілер мен адамның еркіндікке ұмтылысы десек қателеспейміз. Massaget.kz порталы қарым-қатынас құруға кедергі  болып жүрген 5 себепті көрсетті.

1. Біздің бұрынғыдай бәріне түсінікті рөліміз жоқ
Бұрын қалай болды? Ер жетеді, оқиды, жұмыс істейді, отбасын құрады, бала тәрбиелейді. Ер адам — отағасы, отбасын асырайды. Әйел адам  үйде отырып, бала тәрбиесімен айналысады. Ер адам шешім қабылдайды, әйел адам құлақ асады.

Бүгінде адамдар ескірген, тиімсіз әрі адамның өзіне зиянын тигізетін әдеп үлгілерінен бас тартып жатыр. Өзгенің стандартына жаққаннан гөрі, өзінің жағдайын көбірек ойлайды.

Әйелдердің құқығы бұрынғыдай тапталмайтын болды, соған сәйкес қарым-қатынастағы теңдік те күшейді. Енді жар таңдарда оны алдымен зерттеу керек, оның қажеттілігі мен ерекшелігіне көңіл бөлу керек.

Оның үстіне қоғамда да сынау күшейе түсті. Егер әйел адам үйде отыруды қаласа, қоғам «күйеуінің айтқанынан шықпайтын, дамымайды» деп сөгеді. Ал мансап жолын қуса, «әбден басқа шыққан» дейді.

2. Таңдау иллюзиясының құрбандарымыз
Біреумен танысу үшін бұрынғыдай бір жерге барудың қажеті жоқ. Хабарлама жаздың, жолың болса таныса аласың. Әрі таңдау мүмкіндігі шексіз. Жас бойынша, сыртқы келбет, қызығушылық бойынша жіктей берсең болады. Қазіргі жұбыңызбен ұрысып қалсаңыз, өзгесін таба аласыз.

Таңдау иллюзиясының кесірінен адам алғашқы қиын сәтте-ақ жұбымен айырылысып жатады. Өйткені, санада одан да жақсысы жолығады деген сенім бар.

3. Біз тым көп ақпарат аламыз
Көптеген кеңестерді тыңдау нәтижесінде кейде адам өзін жоғалтып алып, белгілі бір шаблондармен өмір сүреді.

Кітапта басқа кеңес жазылса, ата-анамыз беретін ақыл-кеңес мүлде бөлек. Достарымыз басқа пікірді ұстанады. Қарым-қатынастың қай үлгісі дұрыс екенін ұғу қиын.

4. Өзімізге және өзгеге қоятын талабымыз зор
Әлеуметтік желінің дамуымен қатар, адамдардың арманы мен талаптары де өзгерді. Сырттай өзгенің қарым-қатынасын бақылау арқылы, оларды мінсіз көруіміз әбден мүмкін. Бірақ өмірде бәрі олай емес. Ұрыс-керіс міндетті түрде болады. Жұбыңызға қоятын талабыңызды азайтқаныңыз жөн. Мінсіз адам болмайды. Махаббат сол кемшіліктермен бірге қабылдаған сәтте болады.

5. Жауапкершілік алудан қорқамыз
Жылдан жылға ата-анадан ерте сепарация жасайтындар саны азайып келеді. Оның үстіне, еркіндікке әбден үйреніп аламыз. Жауапкершілік алып, отбасын асыраудан жасқана бастадық.

Ғалымдар өтпелі кезең жасын ұлғайтып, 24 жасқа дейін жасөспірім шақ деп атауды ұсынды. Жарты ғасыр бұрын бұл жаста адамдардың жұмысы мен балалары болатын.

Өзін-өзі танып, жаңа нәре көруді, дамуды, өмірден ләззат алуды қалайтын адам өзінің серігін бір тәжірибенің бөлігі ретінде қабылдауы әбден мүмкін.