2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы, мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Қазақстанға 25 ақпанға қараған түні оралды. Спортшы мінген ұшақ Астана әуежайына сағат түнгі 01:00-де қонды, деп хабарлайды Jas.kz.
Михаил Шайдоров Италияда өткен Қысқы Олимпиада ойындарына қатысып, ел тарихында тұңғыш рет Қазақстанға мәнерлеп сырғанаудан алтын медаль сыйлады.
Түнгі уақыт пен аязға қарамастан, әуежайда чемпионды қарсы алуға жүздеген адам жиналды.
Михаил Шайдоровпен бірге қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Софья Самоделкина, жаттықтырушылар, спорт министрі және Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин де келді.
Ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Асем Қасанова жиналған жұртқа алғысын білдірді.
«Сіздердің осылай көп келіп, бізді және спортшыларды қолдап жүргендеріңізге рахмет. Мұзда, тауда немесе спортзалында өз өмірі мен денсаулығын арнап жүрген барша спортшылардың атынан айтарым – қолдауларыңыз бен жылы сөздеріңіз болмаса, бәрі әлдеқайда қиын болар еді», – деді ол.
Ұзақ жолдан шаршағанына қарамастан, Михаил Шайдоров та көпшілікке жүрекжарды сөзін айтты.
«Мен үйдемін. Осындай түнгі уақытта арнайы келіп қарсы алғандарыңыз үшін көп рахмет. Мен қуаныштымын. Олимпиада ойындарында елімнің туы ең биік, ең құрметті орында тұрған сәтте мені елім үшін мақтаныш сезімі кернеді. Маған өте көп жылы сөздер айтылды. Қолдап жүрген баршаңызға, осындай керемет сыйлықтар үшін көп рахмет. Шынымды айтсам, сөз таба алмай тұрмын, тек үлкен алғыс. Бұл мен үшін алға қарай өсіп, елімді одан әрі танытуға зор мотивация. Баршаңызға рахмет», – деді чемпион.
Алдағы күндері чемпиондар үшін ресми кездесулер мен құттықтау шараларына толы тығыз кесте жоспарланған. Министрдің айтуынша, бүгін спортшыларды мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада қабылдайды.
«Бізде арнайы бағдарлама бар. Спортшылармен кездескісі келетіндер өте көп – жанкүйерлер, балалар, жас спортшылар. Михаил – 21-де, Софья – 18-де. Олар үшін бұл кезең оңай емес. Сондықтан біз олардың жанында болып, қолдауымыз керек. Олар – бүгінгі үлгі, ертеңгі буын соған қарап бой түзейді. Осы жолда ата-аналарға, жаттықтырушыларға, ұстаздарға алғыс айтамыз», – деді министр.
Салтанатты қарсы алу барысында Қазақстанның Мәнерлеп сырғанау одағы Михаил Шайдоровқа Астанадан үш бөлмелі, Софья Самоделкинаға бір бөлмелі жаңа пәтерлердің кілті табыстады.
Айта кетейік, Михаил Шайдоров 2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындары барысында еркін бағдарламасын италиялық Confessa әні мен «Бесінші элемент» фильмінің музыкасына орындап, көрермендер мен қазыларды тәнті етті. Осылайша ол Қазақстан спортындағы жаңа алтын парақты ашты.
