Жұмыс істейтін жастар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй жекешелендіруге жатпайды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Тұрғын үй қоры» КММ хабарлады.

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ақпаратына сәйкес “Жұмыс істейтін жастар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй” бағдарламасы шеңберінде берілген жалға берілетін тұрғын үйді жекешелендіру мүмкіндігі туралы ұсыныс қабылданбады.

Тұрғын үй тек 5 жыл мерзімге беріледі, яғни 5 жылдан кейін сіз бағдарлама шарттарына сәйкес берілген тұрғын үйді босатуыңыз керек. Осы бағдарлама бойынша сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйді алғандардың барлығына тұру уақыты ішінде “Отбасы банк” АҚ-ға өзінің пәтеріне бастапқы жарнаны жинақтауды ұсынамыз.

“Жұмыс істейтін жастар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй” бағдарламасы – бұл жұмыс істейтін жастардың өз баспаналарына ақша жинақтау мүмкіндігіне ие болуы үшін мемлекеттен қолдау.

Бағдарлама бойынша жалдау шартын бұзу шарттары:

1) 6 айдан артық жалдау ақысын төлемеу;

2) 3-ші адамдарға пәтерді тапсыру;

3) өтініш берушіде немесе оның отбасы мүшелерінде меншік құқығында мүліктің болуы; 4) жалдау шартының 5 жылдық мерзімінің аяқталуы.