Пятница, 13 декабря, 2024
No menu items!

10 сотық жер алу үшін нені білу керек?

Басқа ақпараттар

Заң бойынша 0,10 гектар, яғни ауызекі тілде 10 сотық жер алуға әр қазақстандықтың құқы бар. Алайда, қарапайым адамдардың көбі жер алуға өтініш хат берудің маңызды жақтарын білмейді. Құжаттарды дұрыс дайындап, жер алудың жолын жер және экологиялық құқық жөніндегі маман Бақытжан Базарбек түсіндіреді. Бұл туралы zakon.kz хабарлайды. 

Сонымен, мына 10 нәрсені білсеңіз жеке тұрғын үй құрылысы үшін 10 сотық жер ала аласыз дейді сарапшы.

Бірінші. Өтінішті бүкіл ел жаппай беріп жатқан жерге бермеңіз. Алматы мен Астанада жүздеген мың адам жердің кезегінде тұр, бірақ олардың ешқайсысы жер алған жоқ. Неге? Осының себебін салқын ақылмен ойланыңыз. Бізде көбіне адамдар заңдық сауаттың жоқтығынан көңілі қалаған, заңды білуі өзінікімен шамалас танысының кеңесімен өтініш береді. Жер кодексі бойынша, өтінішті өзіңіз алғыңыз келген жер қарайтын әкімдікке бересіз. Осы шартты дұрыс орындасаңыз, өтінішіңіз дұрыс қаралады. Әйтпесе, жердің кезегінде тұрған, бір жер ала алмайтындардың ұзын кезегінде қала бересіз.

Екінші. Алматы және Астана сияқты елді мекендерде жеке тұрғын үй үшін тегін жер алуға мүмкіндік жоқ. Қаланың бас жоспары бұған мүмкіндік бермейді. Ол қалаларда жер аукцион арқылы сатылады. Бұған ештеңе істей алмаймыз. Егер ондағы әкімдіктер жер бермесе, ол Жер кодексінің 50-бабын бұзу болып саналмайды.

Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер беру қарастырылған ба, жоқ па, оны білу үшін Бас жоспар бар. Ал егер сіз жер алғыңыз келетін ауылда тұрғындар саны 5 мыңнан аспайтын болса, ол ауылды дамыту және құрылыс салу жоспарын талап етіңіз. Шенеуніктерге өз құқықтарыңызды тек заң тілімен сақтата аласыз.

Үшінші. Тұрғын үй құрылысы үшін учаске жерлердің дайындығына қарай беріледі. Яғни, кабелі тартылған электр бағаналары сіз алғыңыз келетін жерге тым қашық болмауы керек. Сізге жер айдаладан берілуі мүмкін, Жер кодексі бұған тыйым салмайды. Бірақ жарық пен судың жоқтығынан қиналатын өзіңіз боласыз.

Егер сізге инженерлік желілер жоқ аймақтан жер берілсе, әкімдіктен ол желілер тартылатын уақыт мерзімі туралы мәліметті талап етіңіз. Мұны айтпаса, бұл – олардың тарапынан заң бұзушылық. Егер жақын арада тым болмағанда жарық тартылатыны күмәнді болса, ол жерден бас тартыңыз.

Төртінші. Қаладан 30-60 километр аралығындағы қашықтықта орналасқан ауылдардан жер алуға тырысыңыз. Ол елді мекендерде кезек тым көп емес және инженерлік желілер тарту жоспарланып жатқан болуы тиіс. Жердің кезегінде халық көп тұрған елді мекендер – ірі қалалар, оларда бас жоспар жеке тұрғын үйді тегін таратуға мүмкіндік бермейді.

Осы арада «Инженерлік желілер (яғни, су, жарық, газ) және жердің кезегінде қанша адам тұрғаны туралы мәліметті қайдан алуға болады?» деген сұрақ тууы заңды.

Заң бойынша, мұндай мәліметтер жергілікті әкімдіктердің арнайы тақталарында немесе интернет-сайттарында ілулі тұруы керек. Мынаны біліп алыңыз. Ол тақталардағы ақпарат 3 ай сайын жаңартылып отыруы тиіс. Егер сіз тақтадағы ақпараттың ескі екенін немесе тиісті ақпараттың жоқтығын, я болмаса ол ақпараттың тек орыс тілінде жазылғанын көрсеңіз, шу шығарыңыз, прокуратураға жазыңыз, аудандық әкімдіктен заңның орындалуын талап етіңіз. Өйткені, бұл сіздің жер алу құқыңыз.

Бесінші. Егер жер кезегіндегі адамдар тізімі ілінген болса, өзіңізге дейінгі 50-100 адамды суретке түсіріп немесе жазып алыңыз. Ол не үшін керек? Кезектің қалай жылжып жатқанын Жер кодексі қадағалай алмайды. Яғни, сіздің алдыңызда тұрған адам қайтыс болған, азаматтығын ауыстырған немесе жерді пайдалану ережелерін бұзушылар тізіміне кірген болса ше? Бұл түрлі заңсыздықтарға жол ашуы мүмкін. Тізімде әлдеқашан о дүниелік болған, басқа елге қоныс аударған, тоқ етерін айтқанда өзінің басқа біреу үшін кезекте тұрғанын білмейтін адамдар болуы мүмкін. Жер дайын болып, кезегіңіз келген болса онда сізге өтініш беру қажеттігі туралы хабарлама бір ай ішінде келуі тиіс.

Ылғи кезегіңізді қадағалап отырыңыз. Қадағалаңыз, қадағалаңыз және қадағалаңыз. Ол үшін сізге арнайы есепке алу туралы хабарлама береді. Осы құжатты сақтап, сол арқылы бақылауыңыз керек.

Алтыншы. Жер алғыңыз келсе, Жер кодексі талаптарын қазірден сақтаңыз. Неге? Мәселен, сізде сатып алған, мұраған алған, сыйға берілген жер бар, бірақ сот шешімі бойынша меншік құқынан айырылғансыз дейік. Онда сіз «қара тізімге» кіресіз. Бұл ықтиярсыз жер учаскелерінен айырылған тұлғалар тізімі. Оған кірген болсаңыз, сот шешімі заңдық күшіне енген күннен бастап үш жыл бойы сізге жер учаскесі берілмейді.

Жетінші. Әкімдіктегілер сізге жер жоқ деді дейік. Ондай жағдайда сіздің кезекке қойылмайтыныңыз туралы әкімнің қолы қойылған ресми құжатты талап етіңіз. Мұндай қағазды ешбір әкім бере алмайды. Өйткені, өтінішіңізді қанағаттандыруға мүмкіндік жоқ болған күннің өзінде сізді бұлай қайтарып жіберуге олардың хұқы жоқ. Өтініш қалай да арнайы есепке, яғни кезеке алынады, ары қарай сіз кезегіңізді күтесіз.

Сегізінші. Жеке тұрғын үй құрылысы үшін учаскенің тегін және ол әр азаматтың құқы екенін естен шығармаңыз. Егер отбасыңызда еңбекке жарамды және кәмелетке толған бірнеше адам бар болса, олардың әрқайсысы 10 сотық жерді тегін алуға құқылы.

Әкімдік бір үйден бір адамның ғана өтінішін қабылдаймыз десе, бұл жауапты жазбаша түрде талап етіңіз. Мұндай құжатты ешкім бере алмайды.

Отбасыда еңбекке жарамды және кәмелетке толған бірнеше адам болса қайтпек керек? Онда отбасы мүшелерінің бәрі бір әкімдікке емес, бірнеше жерге бергені жөн. Сонда ғана сіз қай елді мекенде кезек тезірек жылжып жатқанын және инженерлік желілердің қалай жүріп жатқанын біліп отырасыз.

Тоғызыншы. Егер әлдебір қалада құрылыс жоспарына сәйкес тегін берілетін жер жоқ екенін айтса, онда басқа уақытыңызды өткізбеңіз. Өтінішті басқа елді мекендерге беріңіз. Ең дұрысы осы. Электронды үкіметтің веб порталын пайдаланып, өтініштеріңізді облыстық атқарушы органға, сәулет және қала құрылысы басқармасына жазбаша беріңіз, сұрақтарыңызды егжей-тегжейлі қойыңыз. Нәтижеде сіздің қолыңызда аса маңызды мәліметтер болады.

Оныншы. Көршілерге, костюм киіп, галстук таққан білгіштерге сенбеңіз. Алып-қашты әңгімеге, жорамалдарға құлақ аспаңыз. Кодекске, Заңға, Ережелерге сеніңіз. Жер кодексін алып, ол заңның 50, 45, 43, 92 және 93 баптарын белгілеп қойыңыз. 3 беттен тұратын «Жеке тұрғын үй құрылысы жер телімдерін беру тәртібі» бар, осы құжатты қағазға шығарып алып, бірнеше рет оқыңыз.

Білгіштерге, делдалдарға сенбеңіз, жер мәселесімен айналысатын лауазымды тұлғалар алдында жалпаңдамаңыз. Сіз ғана өзіңізге көмектесе аласыз және қажет болса басқаларға кеңес бере аласыз.

baq.kz

Соңғы жарияланымдар

Қайрат Сәтжанов: Екі салмақ бойынша финалдың нәтижесімен келіспейміз❌

Бокстан Қазақстан 🇰🇿құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов команданың Таиландта өткен Азия чемпионатындағы өнеріне қатысты пікір білдірді. «Біз тек екі...

Өзге жазбаларды оқи отырыңыз