Бүгін елордада колледждер мен университеттер студенттері арасында «BILIM Hackathon-2022» IT сайысы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Студенттер арасында ұйымдастырылған ІТ байқауға еліміз бойыша 107 команда қатысып жатыр.
Жүлде қоры 3 млн теңгені құрайды. Яғни 1 орын иелеріне 1,5 млн теңге, 2 орынға 1 млн теңге және 3 орын үшін 500 мың теңге беріледі.
Жеңімпаз студенттер қаржылай сыйлықпен қоса, Daryn online, BTS Education, EDUS және Mail.kz сияқты танымал қазақстандық IT-компанияларда жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады.
«Министрлік білім және ғылым саласында жаңа IT-шешімдерді құруға бастамашылық ету және болашақ ІТ мамандарды ынталандыру мақсатында байқауды өткізіп отыр. Сайысымызға 107 команданың қатысуы жастардың ІТ жобаларға қызығушылығының қаншалықты жоғары екенін көрсетеді. Бұл жастар білім беру ұйымдарын таныстырып қана қоймай, сонымен бірге үздіктердің үздігі атағына таласады. Хакатонның дәстүрі бойынша қатысушылар 24 сағат ішінде жобаларын әзірлеп, қазылар алқасына ұсынуы керек. Ең үздік жобалар білім беру саласына енгізіледі. Барлық қатысушыға сәттілік тілейміз», — деді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Айбат Ілиясов.
Айта кетейік, аталған шара Білім және ғылым министрлігінің ұйытқы болуымен елордадағы Astana IT-University-де офлайн форматта өтіп жатыр.
Қатысушылар білім саласындағы цифрлық жобаларды құру арқылы сайысқа түседі. 24 сағат ішінде студенттер еркін немесе берілген тақырып бойынша жоба әзірлеуі керек.
ІТ байқаудың қорытындысы ертең шығарылып, жеңімпаздар марапатталады.