Нұр-Сұлтанда жалға берілетін пәтерге сертификат алған 800 жас сәуір айында өз баспанасына қоныстана бастайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бұған дейін алғашқы 800 финалист бөлінген пәтердің мекенжайы көрсетілген сертификат алған болатын. Бөлу 2021 жылғы желтоқсанда сол кездегі тұрғын үй көлемін ескере отырып жасалды. Қалған 250 финалист резервте тұр және сол кезде бөлу үшін сатып алынған тұрғын үй көлемінің болмауына байланысты сертификат алған жоқ. Қазіргі уақытта бізге құрылыс басқармасы е-509 көшесінде орналасқан «Қайнар» тұрғын үй кешенінен 156 пәтер сатып алған, оның ішінде 98 екі бөлмелі және 58 бір бөлмелі тұрғын үй көлемі келіп түсті» деп мәлім етті қалалық тұрғын үй қоры басқармасы.
Ведомствоның мәліметінше, екі және одан да көп баласы бар резервшілерге (оның 26 адамы резервшілер тізіміне сәйкес) «Қайнар» ТК-дан екі бөлмелі пәтерлер алдын ала бөлінген.
Пәтердің нақты мекенжайы туралы сертификат кейінірек электронды поштаға жолданады.
«Осыған байланысты қалған 72 екі бөлмелі пәтерді әділ бөлу мақсатында, біз екі және одан да көп баласы бар негізгі тізімдегі финалистерді (бастапқы бөлу кезінде екі бөлмелі пәтерлер жетпегендерге), сондай-ақ резервтік тізімдегі финалистерге қарағанда жоғары балл жинаған бір баласы бар финалистерді (негізгі тізімнен) шақырдық. Негізгі тізімдегі кейбір жастар «Қайнар» ТК-де ұсынған екі бөлмелі пәтерден бас тартып, бұрын бөлінген бір бөлмелі пәтерде басқа ТК-де қалғысы келгенін ескере отырып, біз кемінде бір баласы бар және екі бөлмелі пәтер алғысы келетін негізгі тізімдегі финалистерден (800 адам) жалпы өтініш қабылданатын болды. Екі бөлмелі пәтердің пайдасына бас тартқан бір бөлмелі пәтерлер резервтік тізімдегі жастарға қайта бөлінеді» делінген хабарламада.
Жастар Абылай хан даңғылындағы үйге сәуірде қоныстанады.
Кенесары даңғылындағы тұрғын үй кешеніне және «Қайнар» тұрғын үй кешеніне орналасу инженерлік желілер бойынша жұмыстар аяқталғаннан кейін жоспарланған.
Абылай хан даңғылындағы тұрғын үй кешеніне қоныстандырудың жоспарланған мерзімін сақтау мақсатында «Қайнар» тұрғын үй кешеніндегі екі бөлмелі пәтерге өтініш қабылдау мерзімі екі күн — 28 және 29 наурыз.
Дереккөз: KazInform