2017 жылдың 26 қазан күні «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Мемлекеттік рәміздер мақтанышым!» және «Мәңгілік ел – мұратым!» республикалық ақындар мүшәйрасының марапаттау салтанаты өтті. «Жас ақындардың қадамы құтты болсын»,- деп қоғам қайраткерлері Несіпбек Айтұлы, Бақытбек Смағұл, Оразкүл Асанғазы, Нұрлан Өнербаев, Қалқаман Сарин арнайы құттықтады.
Мемлекеттік рәміздердің 25 жылдығына арналған іс-шара Астана қалалық Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды. Еліміздің түкпір-түкпірінен 200-ден астам жас ақындар қатысты. Сонын ішінен 29 ақынның бағы жанды. Мирас Әбіл, ШерханТалап, Дидар Ұзағалиев үшінші орынды иемденіп, 100 мың теңгелік сертификатпен марапатталды.
Жүлделі екінші орынды және 200 мың теңгелік сертификатты Ақжігіт Аманкелді, Наурызбек Саршаев есімді жас дарындар місе тұтты. Бәйгеде бағы жанған ақын Рауан Қабидолдин бірінші орынға лайық деп танылып, 300 мың теңгелік сертификатқа ие болды.