Пятница, 13 декабря, 2024
No menu items!

Суицид соңғы нүкте емес

Басқа ақпараттар

Соңғы жылдары елімізде жастар арасындағы суицидтің өршіп кеткендігі туралы айтылып та, жазылып та жүр. Өкілетті органдар да, мамандар да, ата-ана мен жастардың өзі де осы ақпараттан хабардар. Тиісті шаралар жасалып жатқанымен қатерлі дерт мүлдем жойылмай тұр. Әрине, ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің көрсеткен мәліметтеріне қарасақ өткен жылдармен салыстырғанда жағдайдың сәл оңалғандығы байқалады. Бірақ қуануға әлі ерте. Өйткені Қазақстан суицид бойынша әлемде алдыңғы ондықтан түспей тұр. Оның ішінде жастардың үлесі үлкен. Енді не істемек керек? Қайтсек болашақ ұрпақтың өмірге құштарлығын арттырамыз? Жалпы елімізде жастар арасындағы суицидтің алдын-алу мақсатында қандай іс-шаралар атқарылуда? Ол қаншалықты нәтижесін беруде? Бүгін осы турасында сөз қозғамақпыз.

Сандар сөйлесін

Тәуелсіздік жылдарынан бастап санасақ елімізде 106000-нан астам адам өзіне қол салыпты. Бұл тек ресми дерек. Әсіресе Кеңес үкіметі құлап, елдегі жағдайдың ауырлаған тұсында бұл сандар ең биік межені көрсеткен екен. Қазір елдің экономикалық жағдайы тұрақталып, халықтың тұрмысы жақсарғанымен де статистика көңіл көншітпейді. Қазақстан жастар арасындағы суицид бойынша әлемде алдыңғы үштікке кіреді. Өткен жылы 654 қайғылы оқиға тіркелсе, биыл 628 жас өрен өзіне қол салыпты. Яғни суицид саны 3,9%-ға азайған. Бірақ мамандардың айтуынша бұл өте үлкен көрсеткіш, сондықтан жастар арасындағы суицид мәселесі көкейкесті болып қала бермек.

Біздің болашақ ұрпақты өмірден не жерітеді?

Суицидтің алдын алмас бұрын мәселенің мән-жайын анықтап алғанымыз жөн болар. Мамандар жастар арасындағы суицидтің бірнеше себебін анықтап отыр. Оның ең кең таралғаны – жалғыздық. Иә, біздің жастар өзін үнемі жалғыз сезінеді екен. Одан кейін қаржылық жағдай, ата-ана, туған-туыс, достармен келіспеушілік, ауыр соматикалық аурулар, қолайсыз тұрмыс жағдайы, ажырасу, жаза мен ұятқа қалудан қорқу секілді себептер кездеседі. Не десек те қазір біздің жастарымыздың психологиялық саулығы қарқынды жұмысты қажет етіп отыр. Суицид бір күндік қиыншылықтың нәтижесі емес, ұзақ уақыт бойы жиналған жағымсыз факторлар бір күні жарылып, өзіне қол салуға әкеледі. Сондықтан да психолог мамандар бұл кеселдің себебін тереңнен іздеген дұрыс дейді.

 

Мемлекет не істеп жатыр?

Қазақстан Рспубликасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің суицидтің алдын алуға арналған жобаны сатылап енгізу туралы бұйрығынан кейін арнайы шаралар кешені қолға алынды. Нақтырақ айтсақ, Біріккен Ұлттар Ұйымы Балалар қоры мен ҚР Үкіметі жастар мен жасөспірімдер арасындағы суицидпен күресу үшін бірлескен бағдарламаларды қолға алды. Бұл БҰҰ-ның көтерген мәселесі болғандықтан, Қазақстан бойынша зерттеулер жүргізіліп, нәтижесінде Қызылорда қаласы жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсау фактілері бойынша бірінші орында тұрғаны анықталды. Одан кейін Маңғыстау облысы тұр. Әзірге осы екі облыста 3 күндік семинар өткен. Осы семинар арқылы педагог-психологтар, мектептегі мұғалімдерден бастап, күзетшіге дейін арнайы оқытылыпты. Бұрын мектепте тек психологтар балаларға жауапты болса, енді балаларға мектептегі барлық қызметкерлер жауапты болмақ.

Тек мектептегі мамандар ғана емес, ата-анамен жұмыс та күшейтілуде. Мұғалімдер ата-аналармен жиі кездесіп, түрлі түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырып отыр. Осылайша мұғалім мен ата-ана баланың қиын жағдайдағы сенімді арқа сүйенеріне айналуына барлық жағдай жасалуда.

Қиындыққа тап болған бала тек өзіне жақын үлкендерге ғана емес, «111» сенім телефонына да сене алады. Осы арқылы 111 қазақстандық бала құтқарылған. Осы уақытқа дейін сенім телефонының арқасында 7 мың балаға көмек көрсетіліп, олардың 111-нің өмірі аман қалған.

Bilim Foundation қоры Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігімен бірге ЮНИСЕФ және ҚР Денсаулық министрлігінің Республикалық психикалық денсаулық ғылыми орталығымен әріптестік негізде Нұр-Сұлтан қаласында «Жасөспірімдердің денсаулық пен өмірлік дағдыларын қалыптастыру және кәмелетке толмағандар арасында суицидтің алдын алу» бағдарламасын ендіруді қолға алды. Қазір бас қалада орналасқан денсаулық сақтау мекемелерінің басшылары Қазақстанның алты аймағында өз тиімділігін көрсеткен бағдарламаны Нұр-Сұлтанда нәтижелі іске асыру жолдарын қарастырып жатыр. Осы жылдың аяғына қарай елордадағы емханалар кәмелетке толмағандарға психикалық денсаулықты жақсартуды көздейтін көмек көрсете бастайды.

Сонымен қатар, ересектер үшін аймақтарда емханалар жанынан шұғыл психологиялық көмек кабинеттері ашылды. Алдын-ала жазылып, тегін көмек алуға болады.

Кейде суицидке бейім адамдарға көмектің жалғыз таңдамалы жолы ретінде егер жағдай тым қиын болса психиатриялық ауруханаға емделуге жатқызу болып табылады. Кешіктіру қауіпті болуы мүмкін; ауруханаға жатқызу ауру адамға да, оның отбасына да жеңілдік беруі мүмкін. Қазір Қазақстанның барлық емханалары мен мектептерінде психологтар бар. Сонымен қатар 150 нөмірі арқылы ұлттық сенім телефонына хабарласуға болады.

Иә, күн тәртібінде өзекті деген орыннан түспей тұрған суицид ғаламның кеселіне айналды. Әрине, билік те, өкілетті органдар да оған қарсы жоғарыда аталғандай шаралар кешенін әзірлеп, қарқынды жұмыс атқарып жатыр. Дегенмен бөркімізді аспанға лақтыра қунатындай нәтижелер әлі байқалмайды. Сондықтан халықтың психологиялық денсаулығын жақсарту үшін жасалатын жұмыс көлемі мен сапасын арттыру қажеттілігі әлі де жоғары. Дегенмен суицид жасайтын адам көмекті алдымен өз жақындарынан күтетінін де ұмытпау керек.. Сондықтан  қымбат жандарымызды жадымыздан шығармайық.

 

Айман СЫРЛЫБАЙ

Соңғы жарияланымдар

Қайрат Сәтжанов: Екі салмақ бойынша финалдың нәтижесімен келіспейміз❌

Бокстан Қазақстан 🇰🇿құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов команданың Таиландта өткен Азия чемпионатындағы өнеріне қатысты пікір білдірді. «Біз тек екі...

Өзге жазбаларды оқи отырыңыз