ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Алматы облысына жұмыс сапары кезінде өңір жұртшылығымен облысты одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамыту, сонымен қатар Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламалық мақаласында алға қойған міндеттерін іске асыру мәселелері жөнінде кездесу өткізді.
Қатысушылар кездесу аясында өңірді дамытудың өзекті мәселелерін талқылады, солардың ішінде: кәсіпкерлікке, денсаулық сақтау мен білім беру саласына қолдау көрсету, жұмыспен қамту, тұрғын үй құрылысы, сондай-ақ, облыс жұртшылығын толғандыратын өзге де мәселелерді талқылады.
Кеңес барысында Алматы облысының әкімі А. Баталов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Т. Дүйсенова, ҚР Денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов, ҚР Білім және ғылым министрі Е. Сағадиев, ҚР Инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек және ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қ. Айтуғанов сөз сөйледі.
Сондай-ақ, кездесуде облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Е. Келемсейіт, «Лукойл Лубрикантс Орталық Азия» ЖШС бас директоры А. Матюков, І. Жансүгіров атындағы ЖМУ студенті А. Оразалы, «Ескелді» ӨК басшысы С. Сариев, Облыстық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы О. Жақиянов, «Нүсіпов және К» ЖШС директоры Қ. Нүсіпов, Іле ауданының М. Мақатаев атындағы №13 орта мектебінің директоры Ғ. Нәдірбекова, «Огни Алатау» облыстық газетінің бас редакторы А. Идигов сөз сөйлеп, сұрақтар қойды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, ҚР Үкіметі өндірісті әртараптандыру, жаңғырту, экспорт көлемін ұлғайту және инвестициялар тартудан тұратын экономикалық өсімнің жаңа үлгісіне ауысудың кешендік жұмыстарын жүргізуде. Осының бәрі ел экономикасының өсімін жыл соңына қарай 5-6% деңгейінде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп жоспарланған.
ҚР Үкіметі аталған көрсеткіштерге қол жеткізу үшін өз жұмысын бес бағытқа жұмылдырады, олар: жаппай кәсіпкерлікті дамыту, өнімді жұмыспен қамту мен қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету, цифрлық экономика мен салалық жобаларды дамыту.
ҚР Үкіметі жұмысындағы маңызды бағыттардың бірі — құрылыс секторын дамыту. Соған орай Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биылғы жылдан бастап «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыру жұмыстары қолға алынды, оның аясында таяу 15 жылдың ішінде 1,5 млн отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету көзделген.
Сондай-ақ, аграрлық секторды дамытуға да ерекше көңіл бөлінеді, бұл сала ҚР Президенті Н. Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес экономиканың жаңа драйверіне айналуы тиіс.
Алматы облысының аталған салада көшбасшы болуға барлық қажетті әлеуеті бар, алайда назарды тек ауыл шаруашылығы шикізаттарын өндіруге ғана емес, сондай-ақ дайын өнімнің бәсекеге қабілетті болуына да аудару керек.
ҚР Үкіметінің алдында тағы да бір маңызды міндет — еңбек нарығын жаңғырту мәселесі тұр. Ол өндірістің барлық түріне заманауи технологияларды енгізуге негізделеді.
Бұдан өзге, ҚР Президенті Н. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша тегін кәсіби-техникалық білім беру бағдарламасы қабылданды, ол жаңа кәсіпорындарды білікті мамандармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, қазіргі таңда Қазақстанда цифрландыру мен ақпараттандыру қағидаларына негізделген, денсаулық сақтау мен білім берудің жаңа жүйелерін қалыптастырудың кешенді жұмыстары жүргізілуде.
Барлық алға қойылған міндеттерді іске асыру үшін ҚР Үкіметінің, азаматтық қоғамдастықтың ұйымдасқан жұмысы қажет. Сондай-ақ Алматы облысы тұрғындарының Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламалық мақаласында алға қойған міндеттерін іске асыру мәселесінде белсенді болуы маңызды.
Кеңес қорытындысы бойынша Б. Сағынтаев жауапты мемлекеттік органдарға және облыс әкімдігіне көтерілген барлық мәселелердің шешімін бақылауға алуды тапсырды.