ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Алматы облысына жұмыс сапары барысында әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының жұмысын бағалады, солардың ішінде көпбейінді аурухана, Жастарға қызмет көрсету орталығы және Талдықорған қаласының Оқушылар сарайы бар, сонымен қатар 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасын іске асыру барысы мен өңір мектептеріндегі үш тілде білім беруге ауысуға дайындық барысы туралы баяндамаларды тыңдады.
Талдықорғандағы көпбейінді аурухананы аралау кезінде Бақытжан Сағынтаев клиникалық-диагностикалық бөлім мен аз инвазивті бөлімді, сонымен қатар компьютерлік және магнитті-резонансты томография кабинеттерін аралады.
ҚР Премьер-Министрі «Денсаулық» бағдарламасы аясында жаңа нысандар құрылысы мен материалдық-техникалық базаның жаңартылуы жүргізіліп жатқанын айтты. Биыл облыста ауылдағы медицина қызметтерінің сапасын арттыруға мүмкіндік беретін алты дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталады.
Жалпы облыс халқына 826 мекемеде медициналық көмек көрсетіледі, оның ішінде 663 – мемлекеттік, 163 – жекеменшік мекеме.
ҚР Премьер-Министріне мамандандырылған ЖҚҚО-ның ағымдағы жағдайы туралы баяндалды, онда интернет-кітапхана, «Жасыл ел» облыстық штабының кабинеті мен жастарға қызмет көрсету бөлімі жұмыс жасайды. 2016 жылы салынған Орталықта жыл сайын облыстың 700-ге жуық жас тұрғыны өзекті мәселелерді шешуде көмек алады.
Мұндай орталықтар жастарға практикалық көмек беріп қана қоймай, ҚР Үкіметі тарапынан қолдау шаралары туралы пайдалы ақпарат ұсынады. Осылайша, «Жастар іс-тәжірибесі», «Дипломмен — ауылға» және «Жасыл ел» бағдарламаларының арқасында студенттер мен түлектер маусымдық және тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, биыл кәсіби-техникалық білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру басталады, ол жастарға жұмысшы мамандықтарын тегін алуға мүмкіндік береді.
Оқушылар сарайын аралау кезінде Бақытжан Сағынтаевқа өңірдегі мектептердегі үш тілде білім беруге көшуге дайындық жайы баяндалды. Сонымен қатар, дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептер базасында және «Білім — Инновация» лицейлерінде жаратылыстану-математикалық цикл пәндері ағылшын тілінде оқытылады. Айта кету керек, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, адам капиталының сапасын арттыру Қазақстандағы экономикалық өсімнің жаңа үлгісін қалыптастыру кезіндегі басымдықтардың бірі ретінде көрсетілген. Осыған орай, ҚР Үкіметі әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мен денсаулық сақтау және білім берудің заманауи жүйелерін қалыптастыру бойынша кешенді жұмыстар жүргізуде.