«Ерлігі мұра Ескелді»

1344
 Талдықорғандағы І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында Ескелді Жылкелдіұлының 325 жылдығына және Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына орай «Ерлігі мұра Ескелді» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференция «Ер Ескелді» атты бейнефильммен ашылды. Мұнан соң жиынның ресми бөлігін ашқан облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар өскелең ұрпаққа тарихымызды, тұлғаларымызды таныту үшін осындай  ғылыми жиындардың маңызы зор екенін атап өтті. Жиында М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі, филилогия ғылымдарының кандидаты Тақтар Әлібеков баяндама жасап, Ескелді бидің әулиелігі, көрегендігі, шешендігі, әділдігі, әскери істі жетік білетін шеберлігі, сыртқы саясатта да салмағы зор ірі қайраткерлігі жайлы кеңінен баяндады. Мұнан соң І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Күлімкөз Сантаева жоңғар шапқыншылығы жылдарындағы Ескелді бидің ерлігі туралы сөз қозғады. Конференцияда Ескелді Жылкелдіұлының өмірі мен қазақ тарихындағы орны тақырыбында тағы бірнеше ғалымдар сөз алды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, ғылыми конференцияда жасалған баяндамалардың басы біріктіріліп, арнайы жинақ шығарылмақ.

Жалпы мерейтойлық іс-шара конференция алдында Ескелді бабаның кесенесіне гүл қою рәсімімен бастаса,  түстен кейін республикалық айтыспен жалғасты.