«Сіз сенген сатқын смартфон…»

7719

Android  операциялық жүйесімен жұмыс істейтін смартфондар қолданушының мекен-жайы туралы жеке ақпаратты Google компаниясының құрастырушысына жібереді. Телефондағы геолокация опциясы сөндірулі тұрғанына қарамастан құпия деректер тиісті жерге жөнелтілген.

Quartz жаңалықтар сайтының мәлімдеуінше, мобильді сигналды тарататын байланыстың базалық станцияларынан Android смартфондары ақпарат жинап, Google-ге жіберген.

Жеке ақпараттың құпиялылығы үшін қарсы шыққан белсенділер «Google өз қолданушыларын сатып жіберді»,- деп жариялады.

Google Quartz мәлімдемесіне қарсы «Қолданушылардың құпия ақпараттары компанияның серверінде сақталмайды»,-деп, Android  жүйесіне өзгеріс енгізуге уәде берді.

Бұл мәселе смартфонында Google Play Services қосымшасы бар қолданушыларды көбірек алаңдатуда. Ал, бұл қосымшасыз смартфонға басқа бағдарламаларды енгізу мүмкін емес.

Жоғарыда айтқандай, Quartz сайты смартфондардың мобильді байланыс станция ақпараттарының Google-ге ұдайы жіберілетіндігін әшкереледі. Осы ақпараттың көмегімен адамды алыстан аңдығандай, жүріс-тұрысын бақылау оңай. Тіпті, телефонда сим-карта жоқ болса да, деректерді жіберу мүмкін екен.

Google  өзінің жымысқа әрекетін былай түсіндірді: «Хаттарды жіберу жылдамдығын артыру әрі сапасын жақсарту мақсатында базалық мобильді байланыстың мекен-жайын 11 ай ішінде жинақтадық. Синхрондау жүйесінде базалық ақпаратты анықтау процесін іске қоспағандықтан, мәліметтер автоматты түрде өшіп кетеді»

Сонымен қатар, интернет қолданушыларының құқығын қорғайтын Privacy International  ұйымы адамдардың өз смартфонының іс-әрекетін жіті бақыламайтынын айтады. Аталмыш ұйымның заңгері Милли Грэм Вуд «Смартфонды сенімді серік ретінде «сатқындықты күтпей» сатып аламыз ғой. Google бұл әрекетін тоқтатуға уәде бергенмен қолданушы қауымның рұқсатынсыз тағы не бүлдіріп жатыр деген сұрақ мазалайды»,-деді.