Елордада студенттер арасында өтетін «Универсиада» басталды

223

Елордадағы «Астана триатлон» саябағында Нұр-Сұлтан қаласының жоғары оқу орындары студенттерінің арасында жыл сайынғы «Универсиада» жарысының салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Шараның ашылуына Нұр-Сұлтан қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Сабитұлы және Нұр-Сұлтан қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысы Қайрат Қамбаров қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.

«Бүгін Нұр-Сұлтан қаласының жоғары оқу орындары студенттерінің арасында жыл сайынғы «Универсиада» басталды. Биылғы Универсиада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Рәміздеріне 30 жылдығына арналып отыр. Елорданың 9 жоғары оқу орнының студенттері спорттың 4 түрі бойынша өзара бәсекеге түсетін болады. Елордада Универсиада еліміздің Тәуелсіздік алған күнінен бастап 31-рет өткізіліп келеді.

Универсиаданың мақсаты жастар мен жасөспірімдерді спортқа ыңталандыру, салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту, сол сияқты жастардың белсенділігінің дамуына ықпал ету.

Жарыс соныңда Универсиаданың қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталатын болады», – дейді Нұр-Сұлтан қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев.

Елорданың 9 университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, Астана медицина университеті, Қазақ технология және бизнес университеті, Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университеті, Тұран – Астана университеті мен М.С. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университетінің студенттері мен магистранттары үздік спорт командасы атағы үшін таласады.

«Универсиада» жарысына биыл 120-ға жуық жоғары оқу орнының студенттері спорттың 4 түрінен сынға түсті.
Олар:

• Стритбол (ұлдар-қыздар)
• Асық ату (ұлдар), Бес асық (қыздар)
• Қол күрес 10 салмақ бойынша (55, 60, 65, 70, 75, 80, 85, 90, 100, +100 кг)
• Жазғы Президенттік көпсайыс (бір орыннан ұзындыққа секіру және 100 метр уақытқа жүгіру: ұзақ қашықтыққа жүгіру (ерлер – 300 м) және (әйелдер – 2000 м).

«Нұр-Сұлтан қаласының намысын қорғайтын құрмет кез-келген командаға тапсырмасы анық. Ең маңыздысы, Алматы қаласында өтетін Республикалық дәрежедегі жарысты абыроймен қорғап, жеңіспен оралу. Бүгін міне өздеріңіз куә болғандай, алда өтетін Республикалық Универсиадаға ҚазАТУ университеті жолдама алды. Барша жеңімпаздар мен жүлдегерлерді шын жүректен құттықтаймын! Жүлделеріңіз құтты болсын!» – деді Нұр-Сұлтан қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысы Қайрат Қамбаров.

Айта кетейік, жарыстардың алғашқы легі сәуір айында қыздар арасында волейбол ойынымен басталған болатын.

Универсиада қорытындысы бойынша, жалпы командалық есепте 1-орынды Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті иеленсе, Тұран Астана университеті 2-орынды қанжығасына байлады. Ал Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті 3-орынға жайғасты.