Қазақстанға ресми сапармен келген Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) президенті Мариус Визер елордадағы спорт нысандарын аралап, жұмыс барысымен танысты.
Мариус мырза ең алдымен 2019 жылы пайдалануға берілген Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайына барды. Жекпе-жек сарайы – күрес түрлері (грек-рим, еркін, әйелдер күресі, дзюдо, каратэ, таэквондо, аралас жекпе-жек) бойынша халықаралық жарыстарды өткізу мүмкіндігі бар бірегей спорт кешені. Жекпе-жек сарайынан кейін IJF басшысы құрылысы 2025 жылдың соңында аяқталатын Ұлттық спорт университетінің құрылысымен танысты.
Бұдан бөлек мәртебелі мейман балғын палуан балалармен, белгілі қазақстандық спортшылармен кездесті. Олардың қатарында Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев, Париж Паралимпиадасының чемпионы Ақмарал Науатбек, әлем және Азия біріншілігінің жүлдегері Әбиба Әбужақынова, 2009 жылғы әлем чемпионы Максим Раков болды. Кездесу барысында Қазақстанда дзюдо спортын дамыту және халықаралық аренаға шығу мүмкіндігі сөз болды.
«Астанаға келгеніме және сіздермен кездескеніме қуаныштымын! Бүгін бірнеше спорт кешенін аралап, тамаша спорт инфрақұрылымдарымен таныстым. Бұл нысандардың кез келгені халықаралық деңгейдегі жарыстарды қабылдауға мүмкіндігі бар. Сондай-ақ Астанада салынып жатқан Ұлттық спорт университетінің құрылысын көрдім. Бірегей білім ордасы Қазақстанның спорт саласындағы кәсіби мамандарын даярлауда маңызды рөл атқарары даусыз», – деп атап өтті Визер.