Біз жүлде күтетін арена. Могулшылар қайда сынға түседі?

175

3 ақпанда қазақстандық могулшылар Бейжің Олимпиадасында алғаш болып жарысқа шығады. Сол күні ерлер мен әйелдер арасында іріктеу өтеді. Жарыстар Zhangjiakou Genting Snow Park аренасында болады. Prosports.kz тілшісі жарыс өтетін аренаға барып, дайындық қалай жүріп жатқанымен танысып қайтты.

Genting Snow Park аренасы Чжанцзякоу қаласындағы тау-шаңғы курортында орналасқан. Онда фристайл мен сноуборд жарыстары өтеді. Олимпиададан кейін жарыс орындары қайта жөндеуден өтіп, нысан қожайынына қайтарылады.

Кешеден бері Чжанцзякоуда қар жауып, күн суыды. Бүгін де жұмысшылар жарыс нысандарын қардан тазалап жатыр.

Арена аумағында қар тазалайтын техника көп.

Себебі қар жолды да, нысандарды басып тастаған. Тауда болған соң күн де суық, қар борап тұрады.

3 ақпанда барлық қызық осы жерде болады. Спортшылар жолы дайын. Могулшылар дәл осы жолда медальдарды сарапқа салады.

Қазір мұнда соңғы дайындық кезеңі өтіп жатыр. Біз барғанда жұмысшылар микст-аймақты жөндеп, жарыс жолын қоршап жатыр екен.

Бұл – аренаның телеарна эфирінен көрсетілмейтін жағы. Трибуна үлкен емес. Қытайдағы шектеулерге байланысты жанкүйерлер де аз болатыны анық.

Журналистер жұмыс істейтін жер жарыс жолынан сәл алыс. Мұнда баспасөз мәслихаты да болады.

Аренадағы көп тудың арасында Қазақстан байрағы да желбіреп тұр. Көп ұзамай тағы бір туымыз көкке көтеріліп, Қазақстан әнұраны ойнайды деп үміттенеміз.