
АҚШ-та жүк тасымалы – тек қызмет көрсету саласы емес, ел экономикасының негізгі тіректерінің бірі. Нарық көлемі триллион долларға жуықтайды, ал ішкі жүктің басым бөлігі жүк көлігімен жеткізіледі. Бұл салада мүмкіндік көп болғанымен, талап та жоғары. Логистикадағы нақты жағдайды түсіну үшін нарық құрылымына, кадр тапшылығына және операциялық тәуекелдерге кәсіби тұрғыдан қарау қажет.
Нөлден басталған бизнес
Логистика саласында бірнеше жыл жұмыс істеген соң АҚШ-та жүк көлігімен тасымалдау (trucking) нарығының қалай жұмыс істейтінін жақсы білемін. Қазақстанда да осы салада білім алдым және тәжірибе жинадым. 2016 жылы Штаттарға келіп, логистика саласында жұмысымды жалғастырайын деп шештім. 2017 жылы арнайы оқу оқып, үлкен жүк көлігін жүргізуге рұқсат беретін лицензия алдым. Осыдан кейін жүк тасымалдау компаниясында жұмыс істей бастадым. Алты жыл бойы тәжірибе жинап, саланың ішкі механизмдерін толық түсіндім.
Бір күні өз компаниямды ашуға дайын екенімді түсіндім. Осылайша досыммен бірге US 50 Road LLC компаниясын аштық. Бірақ “компания аштық” деген сөздің артында үлкен еңбек жатыр. Бәрін шын мәнінде нөлден бастадым. Алғашында бір ғана жүк көлігі болды. Диспетчер де, жүргізуші де, менеджер де өзім болдым. Жүкті өзім іздеймін, брокерлермен өзім келісемін, есеп-қисапты да өзім жүргіземін. Компанияға сенім аз болды, өйткені біз нарықтағы жаңа компания едік.
АҚШ-та бизнес жүргізудің бір қатал шындығы бар: ешкім саған бірден сенбейді. Сен өзінің жұмыс істей алатыныңды дәлелдеуің керек. Дегенмен уақыт өте келе жұмыс жүйеге қойылды. Жүргізушілерді жұмысқа ала бастадым. Бүгінде компаниямда оннан астам жүк көлігі бар. Ал менің мақсатым – осы бағытта көшбасшы компаниялардың біріне айналу.
АҚШ экономикасындағы рөлі
Бұл нарық сырттай қарағанда қарапайым көрінуі мүмкін, бірақ іс жүзінде жүкті алу және оны жеткізумен ғана шектелмейтін күрделі жүйе. Қате, жұмыс процесін және маршрутты дұрыс жоспарламау үлкен шығынға әкелуі мүмкін.
2023 жылғы American Trucking Associations (ATA) деректеріне сәйкес, АҚШ-тағы жүк тасымалы нарығының жалпы көлемі шамамен 1,5 триллион долларды құрады. Соның ішінде trucking сегменті 940 миллиард доллардан асады. Ел ішіндегі барлық жүктің 70%-дан астамы жүк көлігімен тасымалданады. Бұл көрсеткіштерден баламасыз инфрақұрылым екенін анық байқауға болады.
Нарықтағы тағы бір маңызды фактор – кадр тапшылығы. Ресми бағалаулар бойынша, АҚШ-та жүк көлігі жүргізушілерінің жетіспеушілігі 60-80 мың адамға дейін жетеді. Бұл – жүйелі проблема, себебі жүргізушіден жоғары жауапкершілік, ұзақ уақыт жолда болу талап етеді және бұған бәрі бірдей дайын емес.
Сондықтан бұл нарыққа кірген кезде ең басты ресурс – техника немесе капитал емес, жүйе мен тәртіп деп нық айта аламын.
Мен өз тәжірибемде бизнесті жалғыз жүк көлігінен бастадым. Бірақ тек көлік санына емес, операциялық процестерге назар аудардым. Жүк таңдау стратегиясына, брокерлермен дұрыс жұмыс істеуге, маршрутты жоспарлауға, тәуекелді дер кезінде басқаруға ден қойдым.
АҚШ-та логистика саласында бәсеке жоғары болғанымен, мен жұмыс істейтін ауыр және габаритті жүк сегментінде ойыншылар аз. Себебі қойылатын талап жоғары. Мұндай жүктерді тасымалдау үшін арнайы рұқсаттар қажет және маршрут алдын ала бекітіледі. Жүк көлігін айдау кезінде уақыт шектеулері бар. Қауіпсіздік талаптары күшейтілген. Бірақ дәл осы факторлар бұл сегментте қауіпсіз әрі сапалы жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Команда – басты капитал
Мен өзім жүргізуші болғандықтан, олардың жұмысын жақсы түсінемін. Ірі жүктерді тасымалдау – физикалық және психологиялық тұрғыдан ауыр еңбек. Сондықтан компанияда адамдарға жағдай жасауға тырысамын. Мен үшін қауіпсіздік – әрдайым бірінші орында. Икемді жұмыс кестесіне, тұрақты табысқа, қиын жағдайда қаржылық қолдауға баса мән беремін.
Қауіпсіздік сақтау – жүк тасымалы саласындағы басты міндет. АҚШ-та бұл қатаң реттеледі. Әрбір рейс алдында техникалық тексеріс, жүргізушінің жағдайы, маршруттың қауіпсіздігі міндетті түрде қаралады.
Менің тәжірибемде ең тиімді шешімдердің бірі – қызметкерлерге инвестиция жасау. Жүргізушілерді тұрақты оқытуға, қауіпсіздік стандарттарын сақтауға, жұмыс жағдайын жақсартуға әрдайым мән береміз.
Бизнес тек табыс табу емес. Бұл – адамдармен бірге өсетін жүйе. Біздің жұмысымыз жол қозғалысындағы әр адамның өмірімен тікелей байланысты. Сондықтан маршруттарды мұқият жоспарлаймыз, барлық техникалық талаптарды сақтаймыз, жүргізушілерді үнемі оқытамыз. Қауіпсіздік – бұл талап емес, бұл адам өмірі.
Алда көлік санын жүзге жеткізуді, өзімнің жеке Kazak Express INC атты компаниямды ашуды жоспарлап отырмын.
Логистикадағы тағы бір маңызды тренд – цифрландыру. Қазір нарықта жүк пен жүргізушіні байланыстыратын платформалар көбейіп келеді. Болашақта бұл бағыт дами түседі. Сондықтан мен де жүргізушілер ешқашан жұмыссыз қалмайтын экожүйе құру идеясын қарастырып отырмын.
Қорыта айтқанда, жүк тасымалы – жай ғана бизнес емес. Бұл – жауапкершілік пен сенім. Бұл жерде тәртіп, жүйе, қауіпсіздік, маршрутты жоспарлау, ұзақмерзімді стратегия маңызды рөл атқарады. Егер осы принциптер сақталса, жүк тасымалы бизнесі тұрақты табыс көзіне ғана емес, масштабталатын жүйеге айнала алады.
Сәбит Амербаев
US 50 Road LLC компаниясының басшысы
