Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Басшысы Ғалымжан Қойшыбаев, сондай-ақ ҚР ПМК бөлімдерінің басшылары Президенттік жастар кадр резервінің мүшелерімен кездесті.
ПМК Басшысы өз сөзінде перспективалы және талантты жастарды қолдау, оларды мемлекеттік органдардың жұмысына тарту ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы тапсырмаларының бірі екенін еске салды. Әсіресе қазір «Жаңа Қазақстанның» қалыптасу кезеңінде бүкіл елдің болашағы көп жағдайда Жастар кадр резерві өкілдеріне байланысты.
Әрі қарай Ғалымжан Қойшыбаев Премьер-Министр Кеңсесінің құрылымы туралы егжей-тегжейлі айтып, қатысушыларға құрылымдық бөлімдер мен қызметкерлер алдында тұрған негізгі міндеттерді түсіндірді.
«Премьер-Министр Кеңсесінің әрбір қызметкері өзінің лауазымдық функцияларына кіретін ауқымды әрі жан-жақты мәселелерді шешеді. Пандемия, қасіретті «қаңтар оқиғасы» сияқты күрделі кезеңде Кеңсе аппараты ел игілігі үшін өзінің тиімді және жедел жұмысын көрсетті», — деп атап өтті ол.
Ғ. Қойшыбаев қызметкерлердің тәжірибесі мен біліктілігі оларға жүйелі шешімдер қабылдап, талдау жүргізуге және салалық мемлекеттік органдармен қатар әлеуметтік-экономикалық болжамдарды жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін айтты. Мұнда меңгерген кәсіби бэкграунд білім мен практикалық дағдыларды әрі қарай да пайдалануға мүмкіндік береді.
Президенттік жастар кадр резерві өкілдерімен кездесу ашық диалог форматында өтті. Жас мамандар өздерін толғандырған сұрақтарды қойып, кәсіби қызметтері мен мемлекеттік аппаратқа және басқа да тақырыптарға қатысты ұсыныстарымен, объективті көзқарастарымен және пікірлерімен бөлісті. Атап айтқанда, оларды процестерді бюрократиядан арылту, цифрлық технологияларды енгізу, мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығы мәселелері қызықтырды.
Өз кезегінде ПЖКР Кеңсесі кеңесінің төрағасы Айдын Байеділов мұндай кездесулердің пайдасы мен үлкен синергетикалық нәтижесі туралы атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша Ғ. Қойшыбаев Премьер-Министр Кеңсесі өз қызметінің барлық бағыттары бойынша ашық диалог пен пікір алмасуға әрқашан дайын екенін атап өтіп, Президенттік жастар кадр резерві өкілдері айтқан бірқатар бастамалар мен ұсыныстарды қолдады.