2001 жылы ән әлеміне қадам басқан МузАрт тобының өнер көрсетіп келе жатқанына 20 жылдан аса уақыт болды. Tengrinews.kz тілшісі шоу-бизнестегі танымал трио МузАрт тобының қалай шаңырақ көтергеніне шолу жасап көрді.
Қазақ эстрадасының жарқын өкілдерінің бірі Мейрамбек Бесбаев пен жары Мархабаттың отау құрғанына биыл 18 жыл болып отыр. Олар 2004 жылы 8 шілдеде үйленген.
Бүгінде олардың Кәусар есімді қызы мен Әбуқайыр атты ұлы бар. Тұңғыштары Кәусар 2014 жылы мектеп табалдырығын аттаған. Ал 2015 жылы Кәусардың ізін жалғап, Әбуқайыр дүниеге келген.
Сұхбаттарының бірінде Мейрамбек балаларына ұрыспайтынын айтқан еді.
«Бірде қызыма тамақ жемегеніне ұрысқам, жылап қалды, жүрегім ауырып кетті. Ұрыса алмаймын. Мені де ұрысып, ұрып тәрбиелеген жоқ», — деді ол.
Әнші сүйгенін алған адам екенін де жеткізген болатын.
«Бақытты жігіттердің қатарындамын, әлі қыз бен жігіттей жүріп жүрген сияқтымыз», — деген болатын әнші.
«Жүрегімнің ішіндегі жүрегім» деп ән шырқаған белгілі әнші Сәкен Майғазиев жары Динарамен 1998 жылы шаңырақ көтерген.
Олар 1994 жылы колледжде оқып жүрген кезде танысқан. «Бірінші көзіне, сосын өзіне ғашық болған қыз осы ғой», — деген еді әнші Желіде.
Әнші әлеуметтік желідегі парақшасында сол жылдардағы суреттерін де жүктеген еді.
Сұхбаттарының бірінде Сәкен болашақ жұбайы біраз қинағанын, «ойланайын» деп 1 айдай жауап бермегенін, кейін тұрмыстың қиындығын бірге көргенін айтқан еді. Ал жары Динара бұл әрекетінің себебін «жеңгелерінің сөзіне құлақ асып, Оңтүстіктің жігітіне жақындамағанынан» деп түсіндірген болатын.
Бүгінде олар Раяна, Мәриям, Сафия есімді үш қыз және Әділет есімді ұл тәрбиелеп отыр. Тұңғыштарынан кейін Динараның екінші рет сәби көтеруі отбасы үшін керемет жаңалық болған. Бұл туралы әнші жазбасында айтты.
«Әділеті 15 жасқа толғанша Сәкеннен тараған екінші немересін әжесі ұзақ күтті. Анасы Райанамызға жүкті болғанда Алла Тағала тіл-көзден сақтасын деп 2-3 ай ешкімге тіс жармай жүрдік. Тіпті әжесіне де айтпадық. Бір күні анама қоңырау шалып, сүйінші сұрауға ниеттендік. Жылдар бойы Алладан көп баланың ата-анасы болуымызды тілеп жүрген анашым Аллаға шексіз шүкірлік айтып: «Жаным, сүйіншіңе не берейін, жанымды берейін бе?» деп қуаныштан өзі де жылап, бізді де жылатқанын ұмытпақ емеспіз. Сол тәтті немересі Алланың қалауымен, бүгін 8 жасқа толып отыр», — деп жазған әнші былтыр.
Әнші Желіде жұбайымен бірге түскен суреттерін жиі жариялап отырады.
«Ал, не болды, енді? «Актриса сияқты күледі екен», «Күлкісі қандай сыңғырлаған…» деп. Әне, енді киноға түсем деп «күйдіріп» жатыр. (Қалжың) Қайырлы кеш, құрметтілерім! Бізге тілеген тілектеріңіз өздеріңізге еселеп қайтсын» — деп әзілдеген еді әнші.
Сондай-ақ, Желідегі жазбаларының бірінде берекелі отбасы, кейде болып тұратын отбасындағы кикілжіңдер туралы жазған болатын.
«Анасы маған «Сіз» деп сөйлемесе немесе мен анасына «Сен» деп сөйлесем көңіл-күйіміз болмай тұрғанының белгісі. АЛЛА өмір берсе, қарттыққа жеткенге бір-бірімізге «Сен» демей өтсек деген тілек бар» — деп жазды әнші Желіде.
Әнші Кенжебек Жанәбілов жарымен 2004 жылы танысқан.
Әншінің өзі алғаш 1 наурызда кездескендерін айтқан болатын.
«Алғыс айту күні біздің алғашқы кездескен күніміз екен. Осындай ақылды жар, саналы ұрпақ бергеніне тәңірге алғысым шексіз!» — деп еді әнші Желіде.
Сондай-ақ, ол 3 баласы дүниеге келгенде іссапарда жүргенін айтқан еді. Оның тұңғышының артынан ерген Кәлима, Кәрима есімді егіз қыздары бар. Ал Әліби атты кенжесін осыдан 2 жыл бұрын думандатып перзентханадан шығарып алған болатын.
Кенжебектің жары Жәмилә таныстығы туралы айтып берген еді. Ал кейін олар 2 жылдай жүрген екен. Осылайша, әнші 2007 жылы шаңырақ құрған.
«Ағамның тойынан бастап таныстық. Содан басталды», — деді жұлдыздың жары сұхбаттарының бірінде.