Осы айдың басында Шымкент қаласының Түркістан сарайында 2 күнге созылған «Рухани жауһарлар» атты республикалық дәстүрлі әншілер мен термешілердің байқауы өтті. Сайысқа еліміздің түкпір-түкпірінен белгілі дәстүрлі әншілер, жыршылар мен термешілер қатысып, Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Халық дәстүрлі өнерге шөліркеп-ақ қалған екен, айыздары қанып тамашалап, көтеріңкі көңіл-күймен қайтты. Рухани азық беретін осындай ұлттық өнерімізді насихаттау кемшін түсіп жатқан бүгінгі таңда байқаудың ұйымдастырылуы бәрімізді қуантып отыр.
Конкурстың салтанатты ашылуына қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
– Алдымен, қала әкімі Мұрат Әйтеновтің конкурс қатысушыларына құттықтау сөзін жеткізуді рұқсат етіңіздер. Бүгін бәсекелестікке толы байқау болғалы тұр. Қазақ сахарасында өнерпаз болып дүниеге келмеу мүмкін емес. Өйткені кең даланы сыртқы жаудан қорғау үшін, ішкі бірлікті сақтау үшін бір рухани тірек керек болды. Дәстүрлі ән, терме сол тіректің рөлін атқарды. Ғалымдар қазақтың ән дәстүрінде 40-тан астам жанр бар деп айтады. Ұлтымызды ғасырдан-ғасырға дәстүрін жоғалтпай жеткізген – сол қазақ өнері. Оны сақтау бүгінгі ұрпақтың мойнына артылған аманат, — деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
«Рухани жауһарлар» байқауының идеялық авторы — журналист, Анар Сүлеева болса, ұйымдастыру жағынан қолдау көрсеткен қалалық әкімдік.
– Бұл байқаудың мақсаты – Оңтүстік өңірінің дәстүрлі әні мен термесін насихаттау, ұмыт бола бастаған жырларды қайта жаңғырту. Сондай-ақ қазақтың домбырасының қоңыр үнін сахнада әуелетіп, бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі ән-жыр мектептерінің мақамдарын тірілту, — деді «Рухани жауһарлар» байқауының идеялық авторы, журналист Анар Сүлеева.
Конкурсқа Рамазан Стамғазиев сынды елімізге белгілі өнер майталмандары қазылық етті. Сондай-ақ конкурс талабына сай бір ән оңтүстік жыр мектебінің туындысы болуы шарт. Яғни әрбір қатысушы қатарынан 3 ән орындады.
Республикалық «Рухани жауһарлар» атты дәстүрлі әншілер мен термешілер байқауы өз мәресіне жеткен соң, жеңімпаздар марапатталды. Байқаудың жабылу рәсіміне де қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қатысып, орын алған азаматтарды жеңістерімен құттықтап, жүлделер тапсырды.
— Қазақтың дәстүрлі әншілік өнерінде 6 мектеп бар болса, соның ішінде Оңтүстік өңірінің де өзіндік өрнегі бар. Осы өнерді өскелең ұрпақтың бойына дарытып, осындай байқаулар арқылы насихаттап отыру — біздің міндетіміз. Өнер сайысына еліміздің түкпір-түкпірінен небір талантты жастар келіп қатысты. Олардың өнерін бағалаған әділ қазылар алқасы да кіл мықтылар. Қазақ барда оның ұлттық ән дәстүрі өлмек емес, — деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Сонымен, 2 күнге жалғасқан сайыс нәтижесінде дәстүрлі ән бойынша А.Ермекбаева, Ә.Бекниязов, Б.Нуриддинұлы, Б.Айтахметов, Н.Жуасбеков арнайы номинацияның иегерлері атанды. Осы ән дәстүрі байқауында ІІІ орынды А.Дәуен, ІІ орынды А.Сағындық, І орынды О.Жаңабаев ұтып алса, бас жүлде Қ.Сынабайға бұйырды.
Терме сайысында А.Рустамов, Д.Рахман, Ж.Жәнібек, А.Қонысбаева, Ж.Оспанқұлов арнайы номинациялық жүлделермен марапатталды. Терме айту жарысынан ІІІ орын К.Түрікпен, О.Құлсымақов, ІІ орын Ә.Мырзағалиев, Б. Көштаев, І орын Е.Құрасбек еншісіне тисе, гран-при жүлдесімен Р.Ахинбеков марапатталды.
Айта кетейік, өнер сайысында жеңіске жеткендерге қомақты жүлде қарастырылған. Байқаудың бас жүлдесі – 1 млн теңге.
Өнер додасындағы марапаттау рәсімінен соң дәстүрлі әншілердің қатысуымен өткен гала-концертке ұласты. Концертке кіру тегін. Бұл да көпшіліктің дәстүрлі ән-жырымызбен сусындауына үлкен мүмкіндік берді.
Байқаудан кейін республикалық дәстүрлі әншілер мен термешілердің байқауында қазылық еткен өнер майталмандары бүгін Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында «дөңгелек үстел» отырысы өтіп, онда «Дәстүрлі ән-жыр мектебінің өз орталығы болу керек» деген ұйғарым жасалды. Ол мектеп «Рухани жауһарлар» деген атаумен аталса деген ұсыныс айтылды.
Музыкатанушы ғалым Әміреқұл Әбуов мегаполиске музыка өнерін үйрететін іргелі оқу орны керек, талантты жас әнші Димаш Құдайбергенов ұлы бабамыз Әл-Фарабидің музыка саласындағы бүгінгі ізін жалғаушы десе, өнер қайраткері Рамазан Стамғазиев Оңтүстіктің дәстүрлі ән-жыр мектебін елге бұрыннан танымал Жетісу, Арқа, Тарбағатай, Сыр өңірі, Маңғыстау ән-жыр мектептерінің деңгейіне жеткізу керек деген ойын білдірді.
Қазақ өнерінде оңтүстік жұртының дәстүрлі ән-жырлары Жетісу, Арқа мақамы деп әлі күнге дейін термин ретінде бекітілмеген. Осыған орай мәдениет саласының үздігі Әлімжан Серікбаев халық бұрыннан атап кеткен Оңтүстіктің дәстүрлі ән-жыр мектебі деген атаумен қалса деген ұсынысын барлық өнер қайраткерлері бірауыздан қолдады.
Мәдениет саласының тағы бір серкесі Жақып Сыпатаев жуырда жаңа жинақ жарық көретінін айтты, онда Ташкент өңірінің белгілі жыршысы, өткен ғасырдың ортасында шырқаған әндері телевизия архивіндегі таспалардан табылған Құтбайдың әндері нотасымен бірге жарияланады. Ж.Сыпатаев жаңа кітап дәстүрлі ән-жыр өнерінде үлкен жаңалық әкелмек деген пікірін жеткізді. Сонымен бірге бұл дәстүрлі әншінің домбыра қағыстары мүлдем басқа, аспапты шерткенде іліп ойнайтынын, сондықтан халық әндерін өзгеше мақамда орындайтынын айтты.
Жиын соңында «дөңгелек үстелге» жиналғандар дәстүрлі ән-жыр орталығы келешекте ғылыми-зерттеулермен, ел ішіне экспедицияларға шығып, көне жырларды жинастырумен айналысуы керек деген идеяларын да ұсынды.
«Соңғы кездері сахнаның сәнін кетіріп, тыңдарман алдына мас боп шығып, балағат сөздер айтып, көк туымызды қорлауға дейін баратын әншілер пайда болды ғой. «Рухани жауһарлар» байқауынан кейінгі түйген ойым және мені қуантқаны — әлі де дәстүрлі ән-жырымызға қызығатын жастарымыз аз емес екен.
Осы жобаны қолға алған кезде менде үлкен үрей болды, «қалай болар екен, үдеден шыға аламын ба?» деген. Бірақ, қолымыздан келгенінше барынша тырысып бақтық. Дәстүрлі ән-жырларымызды зерттеп, жілігін шағып жүрген профессорлар мен майталмандардың ақыл-кеңестері, сабағы кәдеге асты деп ойлаймын. Ұмыт боп бара жатқан немесе бұрмаланып жатқан салт-дәстүрімізді, дәстүрлі өнерімізді өз қалпында сақтап жаңғырту бүгінгі ұрпақтың парызы десек, сол іске кішкентай болса да үлесімді қоса алдым деген үміттемін. Әрине, бағасын беретін көпшілік.
Осы тұста кешегі байқаудың өтуіне атсалысқан әрбір азаматқа, қызметтестеріме, көрермендерге де, сондай-ақ қазылар алқасында төрелік еткен Рамазан Стамғазиев, Еркін Шүкіман, Тілеулес Құрманғали, Жақып Сыпатаев, Әлімжан Серікбаев, Ұлжан Байбосынова, Клара Төленбаева сынды аға-әпкелерімізге ерекше алғысымды білдіремін.
Ақпараттық қолдау білдірген әріптестеріме де рахметімді білдіргім келеді. Оның ішінде «Шымкент келбеті» газетіне, Уәли Қыдыр бастаған «Оңтүстік Шымкент» арнасының ұжымына, «Отырар», «Айғақ», «НарТВ» арналарына және басқа да сайттарға ерекше алғысымды айтамын.
Сөз соңында айтарым, қазақ үшін жасалған әрбір іске тамшыдай болса да үлесімізді қоса берейік. «Біріңді қазақ, біріңді дос көрмесең – істің бәрі бос» дегендей, қазақтың пайдасына жарайтын істе достығымыз ажырамасын, көк туымыз желбірей берсін дегім келеді» дейді «Темірқазық-Ой» газетінің Бас редакторы Анар СҮЛЕЕВА.