Үш күнге жоспарланған ауқымды Орталық Азия Халықаралық Жол Конференциясына (CARC-2022) ТМД елдерінен, Еуропа, Азия, АҚШ және Ресейден сарапшылар қатысуда. Аталған іс-шараға Еуропалық жол федерациясы өкілдері мен ТМД атқарушы комитетінің өкілетті өкілдері де келген. Халықаралық конференцияда мамандар ҚР жолдар желісі, реформалар мен қаржыландыру, сапалы жол салу, асфальт-бетон жамылғысының, битумды қоспалар мен полимер-битум қоспасының сапасын арттыру, тас жол төсеуде озық технологияларды пайдалану мәселелерін талқылауда.
Бұл конференцияның басты мақсаты — халықаралық жол-құрылыс секторының өкілдері арасында тығыз байланыс орнату. Қатысушылар алыс және жақын шет мемлекеттердің мамандарынан құнды кеңестер тыңдап, озық ойларымен бөлісті. Салалық министрлік өкілдерін, қауымдастықтарды, жол-құрылысы құрал-жабдықтарын, қоспаларын өндіретін компания басшыларын, ғылыми зерттеу институттары ғалымдарын бір жерге топтастырып, араларында тығыз байланыс орнату екі күндік ауқымды іс-шараның басты міндеті десек те болады.
Конференция барысында еліміздегі автомобиль жолдарының сапасын бақылайтын «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Бас директоры Сағынов Замир Садықұлы мекеменің негізгі қызметі, республикалық және жергілікті маңызы бар автожолдардың құрылысы, күтіп ұстау, жөндеу кезінде қолданылатын материалдар мен жұмыстарды тексерудегі инновациялық технологиялар туралы баяндады.
Шетелдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, асфальтбетон жабындарының сапасы мен ұзақ мерзімділігін арттырудың негізгі тәсілдерінің бірі — полимерлік материалдармен (полимерасфальтобетон) битумды модификациялау болып табылады, ол битумның уақытқа төзімділігін арттыруға, автожолдардың пайдалану мен қызмет ету мерзімін арттыруға, жолтабан түзудің прогрессиясын азайтуға және төмен температуралар кезінде жолдың бұзылуына әсер ететін көрсеткіштерді жақсартуға мүмкіндік береді. Сапа орталығы полимер-модификацияланған битумдардың сапасына ерекше назар аударады.
Сонымен қатар, Сапа орталығының негізінде Қарағанды қаласында битумды және полимерлі модификацияланған битумдық байланыстырғыштарды зерттейтін орталық зертхана құрылып, заманауи қондырғылармен жабдықталған.
Одан бөлек, Кәсіпорын асфальтбетонның барлық беріктік сипаттамаларын жақсартуға, сапасын арттыруға және әр түрлі аймақтардағы нақты көлік-пайдалану және климаттық жағдайларды ескере отырып, жөндеу аралық қызмет мерзімін ұлғайтуға мүмкіндік беретін Superpave (Суперасфальт) технологиясын зерттеу және енгізу бойынша жұмысын бастады.
Анықтама: Суперпейв әдіснамасын енгізу асфальтбетон жабынының қызмет ету мерзімін 5-7 жылға дейін, жөндеу аралық қызмет мерзімін 16-20 жылға дейін ұлғайтуға және автомобиль жолдарын жөндеуге және күтіп-ұстауға жұмсалатын шығындарды айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді.
Баяндама соңында, З.Сағынов аталған жұмыс барысымен танысу үшін 28 қыркүйекте конференцияға қатысушыларды Орталықтың Алматы қалалық филиалы сынақ зертханасына келуге шақырды.