Ұлы дала сазы: түркі рухының жаңғырығы

Басқа ақпараттар

Сыр бойы тағы бір мәрте түркі дүниесінің рухын тербетіп, кең даланы жырға бөлеген өнер мерекесіне куә болды. «Қорқыт және Ұлы дала сазы» атты халықаралық фольклорлық-музыкалық фестиваль өтті. Ол тек концерт емес, рухани жаңғырудың, мәдени үндестіктің көрінісіне айналды.

Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен және «Түркі мәдениеті және мұрасы» қорының ұйымдастыруымен өткен бұл шара бауырлас халықтардың өнерін, тарихын, болмысын біріктірген рухани алаң. Өнер орталығында өткен гала-концерт фестивальдің шарықтау сәті болды.

Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев түркі халықтарының ортақ мәдени мұрасын дәріптеудің маңызын атап өтіп, фестивальдің рухани мәніне тоқталды.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы күні кеше Әзербайжан Республикасының Габала қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының 12-ші саммитінде: «Түбі бір түркі жұртының тарихы тамырлас, халықтарымызға ортақ сан ғасырлық шежіреміз бар деп үнемі айтып жатырмыз. Мұның бәрі – берекелі бірлігіміз бен мәңгілік ынтымағымыздың алтын арқауы», – деген болатын.

Сахнада Сыр сүлейлерінің ізбасарлары – Елмұра, Ұлжан, Ақмарал, Майра, Серік, Күнсұлу және басқа да жыршы-жыраулар ұлттық мақамдарды жаңғыртып, көрерменді терең сезімге бөледі. Әрбір жыр – тарихтың үні, халықтың жүрек лүпілі.

Алтайдан келген өнерпаздар Урмат пен Айдын табиғат пен ата-баба рухына негізделген әуендерді көмеймен жеткізіп, көрерменді таңғалдырды. Әзербайжанның «Карабах» тобы, Қырғызстанның қомызшылары, Өзбекстанның «Шашмақом» ансамблі барлығы түркі сазын бір арнаға тоғыстырды.

Тыва халықтарының «хоомей» дәстүрі мен «Эш» дуэтінің орындауындағы әуендер көне түркі болмысының жаңғырығы іспетті болды. Түркиядан келген Синан Барыш пен Камбер Нардың өнері де көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Фестиваль түркі халықтарының жүрегінен шыққан үн. Ол ортақ тарихтың, рухани тамырдың, мәдени мұраның бірлігін паш еткен өнер мерекесі. Қорқыттың сазы – мәңгілік. Ұлы дала оның үнімен тербеліп тұр.

Соңғы жарияланымдар

«Қате тарихтан жаңылыс түсінік қалыптасады»: экс-сенатор оқулықтардағы олқылықтарды көтерді

«Қате тарихтан жаңылыс түсінік қалыптасады»: экс-сенатор оқулықтардағы олқылықтарға назар аударды Білім күні қарсаңында тарих оқулықтарының сапасы мен ондағы қателер мәселесі...

Өзге жазбаларды оқи отырыңыз