Кәсіпкер Арсен Томский Миланда өткен Олимпиада ойындарының мәнерлеп сырғанаудан чемпионы Михаил Шайдоровтың әкесі, оның алғашқы жаттықтырушысы Станислав Шайдоровқа Audi Q8 автокөлігін сыйлады, деп хабарлайды Jas.kz.
Бұл туралы Арсен Томский әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады. Оның айтуынша, Станислав Шайдоров – чемпионның жеңіс жолында тұрған негізгі тұлғалардың бірі. Кәсіпкер Михаил Шайдоровтың Олимпиада алтыны тек спорттық жетістік қана емес, миллиондаған адамға шабыт берген тарихи жеңіс екенін атап өтті.
Сондай-ақ Томский Станислав Шайдоровтың бір кездері ұлының спорттық мансабын қолдау үшін өз көлігін сатқанын еске алып, бұл оқиғаның өзіне ерекше әсер еткенін жазды.
Көлікті табыстау кезінде Станислав Шайдоров эмоциясын жасыра алмаған. Арсен Томскийдің сөзінше, бұл – ұлының жолында ұзақ жыл жанынан табылып, ақыры сенімінің Олимпиада алтынына айналғанын көрген әкенің көз жасы.
«Әр чемпионның артында бір кездері “мен саған сенемін” деп айтқан адам тұрады. Ұлы жеңістер дәл сол сенімнен басталады», – деп түйіндеді кәсіпкер.
