Мәдениет және ақпарат министрлігі әлеуметтік желілерде продюсер Баян Алагөзованың «Қыз Жібек» фильміндегі киімге қатысты жазбасынан кейін туындаған пікірталасқа байланысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Jas.kz.
Ведомство мәліметінше, «Қазақфильм» киностудиясының музей қорында фильмде пайдаланылған камзолдардың бірінің түпнұсқасы сақтаулы. Бұл жәдігер ұлттық кино өнерінің маңызды мәдени мұрасы ретінде қорғалып отыр. Ал әлеуметтік желіде жарияланған екінші камзолдың жеке меншікке қалай өткендігі анықталып жатыр.
Министрлік сондай-ақ киностудия тарапынан ұлттық фильмдерде қолданылған реквизиттер мен костюмдерді жүйелі түрде жинақтау, қалпына келтіру және сақтау жұмыстары тұрақты жүргізіліп келе жатқанын атап өтті. Бұл бастамалар мәдени мұраны болашақ ұрпаққа жеткізуге бағытталған.
Сонымен қатар «Қазақфильм» базасында заманауи талаптарға сай жаңа музей ашу жоспарланып отыр. Онда отандық кино тарихына қатысты бірегей экспонаттар қойылып, көпшілікке ұсынылады.
Министрлік мәдени құндылықтарды қорғау мәселесіне ерекше назар аударылатынын және қоғамда туындаған сұрақтарға ашық әрі нақты жауап беруге дайын екенін жеткізді.
