Павлодарда әлеуметтік желілерде тараған шулы видеодан кейін 33 жастағы тәрбиешіге қатысты іс бойынша сот үкімі шықты. Бейнежазбаларда әйелдің екі жастағы балаларды жүйелі түрде ұрып-соғып, итеріп, шашынан сүйреп, қорлық көрсеткені көрінген, деп хабарлайлды Jas.kz Курсив сайтына сілтеме жасап.
Сот үкімі
Істі Павлодар облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады. Айыпталушы Қылмыстық кодекстің 140-бабы («Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау») және 110-бабы («Азаптау») бойынша кінәлі деп танылды.
Сот оны 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруға үкім шығарып, 3 жылға педагогикалық қызметпен айналысу құқығынан айырды. Жазаны орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.
Жазаны өтеу кейінге шегерілді
Үкім шығару кезінде сот айыпталушының кінәсін толық мойындағанын және қылмыс жасалған кезде жүкті болғанын ескерді. Қазіргі уақытта оның үш кішкентай баласы бар. Осыған байланысты жаза өтеу мерзімі 5 жылға кейінге қалдырылды.
Жәбірленуші балалардың ата-аналарының моральдық зиян өндіру туралы талап-арызы ішінара қанағаттандырылды.
Ата-аналар үкіммен келіспейді
Жәбірленуші тараптың адвокаты Даурен Қосдаулетовтің айтуынша, ата-аналар сот шешіміне шағымданбақ.
Оның сөзінше, жәбірленушілер саны мен тағайындалған жаза арасындағы сәйкессіздік, сондай-ақ моральдық өтемақы мөлшерімен келіспеушілік бар. Сот әр балаға 400 мың теңгеден белгіленген, алайда ата-аналар бұл соманы жеткіліксіз деп санайды.
Оқиға мән-жайы
Іс бойынша 16 бала жәбірленуші деп танылған, оның ішінде бесеуіне қатысты азаптау фактісі дәлелденген. Сот-медициналық сараптама кейбір балалардың денесінде көгеру мен жарақат іздерін анықтаған.
Оқиға өткен жылдың жазында белгілі болды. Ата-аналар балалардың мінез-құлқындағы өзгерістерді байқап, балабақша әкімшілігіне жүгінген. Бейнебақылау жазбаларын көрген соң, олар дәлелдерді жариялап, полицияға арызданған.
Кейін тәрбиеші алдымен жұмыстан шеттетіліп, артынша қызметінен босатылды.
