2026 жылғы 23 наурызда Келес өзенінде жазатайым оқиға салдарынан 2018 жылы туған Тұрсынбек Жаннұр есімді бала суға кетуі мүмкін екені туралы анасы хабарлаған, деп хабарлайды Jas.kz Otyrar-ға сілтеме жасап.
Ақпарат түскен сәттен бастап құтқарушылар, полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар мен еріктілердің қатысуымен ауқымды іздестіру-құтқару жұмыстары ұйымдастырылды.
Операция барысында өзен арнасы мен жағалау аумақтары тексеріліп, жүзу құралдары, арнайы техника және ұшқышсыз ұшу аппараттары қолданылды.
Іздестіру жұмыстары ауа райы жағдайы мен өзен ағысының ерекшеліктері ескеріле отырып, тәулік бойы жүргізілді.
Алайда қабылданған барлық шараларға және жұмылдырылған ресурстарға қарамастан, іздеу жұмыстары нәтиже бермеді.
2026 жылғы 23 сәуірден бастап іздестіру-құтқару жұмыстары ресми түрде тоқтатылды.
Белгіленген тәртіпке сәйкес, егер бір ай ішінде іздеу нәтижесіз болса, материалдар әрі қарай процессуалдық қарау үшін құқық қорғау органдарына жолданады.
Құтқарушылар барлық мүмкін шаралар қабылданғанын мәлімдеп, баланың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
