Алматыда Әл-Фараби даңғылында орын алған, салдарынан үш жас адамның өмірін қиған жол-көлік оқиғасына қатысты сот отырыстары жалғасуда. 8 маусым күні өткен сот отырысында 2005 жылы туған марқұм қыздың отбасы сөз сөйледі, деп хабарлайды Jas.kz Tengrinews ақпараттық сайтына сілтеме жасап.
Таңғы сағат 10:00-ге белгіленген сот отырысы 45 минутқа кешігіп басталды. Бұған себеп – куәлардың бірінің онлайн режимде сот процесіне қосыла алмауы.
Сотта қаза тапқан қыздың анасы сөз алып, оқиға туралы естіген сәтін еске алды.
– 21 наурыз күні таңғы сағат 9-да маған қайғылы оқиға туралы хабарлады. Осыдан кейін мәйітханаға барып, қызымды таныдым. Мен оның туған анасымын. Қазіргі уақытта ешқандай шағымым жоқ. Барлығы заң аясында, соттың шешімімен болсын, – деді ол.
Сондай-ақ әйел өзінің ешқандай талап-арызы жоқ екені туралы өтінішті өзі жазғанын айтты.
– Айыпталушыға да, басқа ешкімге де наразылығым жоқ, – деді марқұмның анасы.
Бұдан кейін сотта оның жазбаша өтініші оқылды.
Онда отбасының ауыр қайғыға қарамастан айыпталушыны кешіргені және онымен толық татуласуға келгені көрсетілген.
«Қызымның қайтыс болуына байланысты ауыр салдарға қарамастан, мен және менің жақын туыстарым А.П.-ны кешіреміз. Біз толық татуластық. Айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, шын жүректен өкінді, кешірім сұрады, материалдық және моральдық шығынды толық өтеді. Қазіргі уақытта менің де, туыстарымның да оған қатысты материалдық немесе моральдық талаптары жоқ және болашақта да болмайды. Татуласу өз еркімізбен жүзеге асты, оның салдары бізге түсіндірілді. Бұл шешім саналы түрде қабылданды», – делінген өтініште.
Өтініш қылмыстық іс материалдарына тіркелді.
Қаза тапқандардың туыстары жүргізушіге шартты жаза сұрады
1 маусым күні Алматыда аталған іс бойынша басты сот талқылауы басталған болатын. Сот барысында жәбірленушілер сөз сөйледі.
1996 жылы туған Mercedes жүргізушісінің және 2003 жылы туған жолаушы қыздың туыстары айыпталушымен татуласқандарын мәлімдеп, оған шартты жаза тағайындауды сұрады. Сонымен қатар қаза тапқан қыздың анасы бұрын оның атынан 100 миллион теңге көлемінде талап-арыз беруді жоспарлаған өкілдерінің қызметінен бас тартты.
Айыпталушының өзі де сотта кінәсін толық мойындайтынын айтты.
Татуласу жауапкершіліктен босатпайды
3 маусым күні Мәжілісте өткен брифингте Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Санжар Әділов тараптардың татуласуы істің нәтижесіне қалай әсер етуі мүмкін екеніне қатысты пікір білдірді.
Оның айтуынша, жәбірленушілердің ұстанымы қандай болса да, айыпталушы қылмыстық жауапкершіліктен босатылмайды.
Жүргізушіге қандай айып тағылып отыр?
Үш жас адамның қазасына себеп болған резонансты істі Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты қарап жатыр.
Айыпталушы А.П.-ға Қылмыстық кодекстің 345-1-бабының 4-бөлігі бойынша айып тағылған. Атап айтқанда, ол мас күйінде көлік жүргізіп, жол қозғалысы ережелерін бұзу арқылы абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне себеп болды деп айыпталуда.
