Венесуэлада жойқын жер сілкінісі: қаза тапқандар бар, мыңдаған адам хабар-ошарсыз кетті

Басқа ақпараттар

АҚШ Геологиялық қызметінің (USGS) мәліметінше, сәрсенбі күні кешкі сағат 18:00 шамасында Венесуэла астанасы Каракас маңында араға бір минутқа жетер-жетпес уақыт салып екі қуатты жер сілкінісі тіркелді, деп хабарлайды Jas.kz Reuters агенттігіне сілтеме жасап.

Алғашқы жер сілкінісінің магнитудасы 7,2 болып, оның эпицентрі Каракастан батысқа қарай орналасқан Сан-Фелипе қаласы маңында болған. Арада бір минут өтпей жатып магнитудасы 7,5 болатын екінші жер сілкінісі орын алған.

Жер сілкінісі болған сәтте елде Венесуэланың Испаниядан тәуелсіздік үшін соғысындағы шайқастардың біріне арналған мемлекеттік мереке болғандықтан, тұрғындардың көпшілігі үйлерінде болған.

Табиғи апат салдарынан көптеген ғимарат қирап, адамдар үйінді астында қалған. Құтқарушылар іздестіру-құтқару жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Қазіргі уақытта 32 адамның қаза тапқаны, 700 адамның жараланғаны ресми түрде расталды. Сонымен қатар билік өкілдерінің айтуынша, зардап шеккен Ла-Гуайра штатындағы мәліметтер бұл есепке әлі енгізілмеген. Осы аймақта орналасқан қалалық әуежай да уақытша жабылған.

Венесуэла билігінің өкілі Родригестің айтуынша, ондаған ғимарат қираған.

«Барынша көп адамның өмірін сақтап қалу үшін өте ауқымды құтқару жұмыстарын жүргізіп жатырмыз», – деді ол мемлекеттік телеарна эфирінде.

АҚШ Геологиялық қызметі болжамды модельдеу нәтижесінде адам шығыны мыңдаған адамға жетуі мүмкін, тіпті 10 мыңнан асуы ықтимал екенін мәлімдеді.

Ал жоғалған адамдарды іздеуге арналған арнайы сайттағы мәліметке сәйкес, Венесуэла уақытымен таңғы сағат 05:40-та 10 мыңнан астам адам хабар-ошарсыз кеткендер тізімінде тұрған.

Соңғы жарияланымдар

Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 16,75%-ға дейін төмендетті

Қазақстан Ұлттық Банкі Ақша-кредит саясаты комитетінің шешімімен базалық мөлшерлеме 25 базистік тармаққа төмендетіліп, 16,75% деңгейінде белгіленді. Бұл туралы Ұлттық...

Өзге жазбаларды оқи отырыңыз