Воскресенье, 24 ноября, 2024
No menu items!

Бас тарту рәсімі

Басқа ақпараттар

Қазақта астың төресі ет (ет асу) болса, табақ тартудың төресі — бас тару. Қонақ шақырып, мал сойылып, ет асқанда әрбір қонаққа тартылатын сыбаға жіліктерді қазанға салғанда аса мән берген.

Кәделі мүшелерді үлестіруде үлкен үстеме мағына бар. Бас тарту, жалпы — асылған еттің мүшелері мен жіліктерін арнайы бір адамға ұсыну, қандай да бір ниет қылу, жастарға тәлім-тәрбие беру және бағыт-бағдар көрсету үшін жасалған.

Жылқының басы екі, ал сиырдың басы үшке бөлікке бөлінеді. Ірі қара малдың тұмсығы шабылып тасталады. Сондай-ақ ірі малдың басын шапқан кезде, оның миын шашып алмау керек. Егер асылған шекенің миы орнында болмаса, сол үйдің иесі өте салақ, олақ адам екен деп үлкен сынға ұшырайды.

Ал қойдың басын тазалау қиынырақ. Ірі қара малдың бас құйқасын сыпырып, аршып тастағандықтан, ол таза болып тартылады. Ал қойдың басы құйқа терісімен бірге қойылады. Сондықтан оны тазалап үйтуіне және жуылуына баса назар аударған жөн. Үйтілген, жуылған қой мен ешкі басы, жағынан айырылады. Содан кейін тісі қағылып, кеңсірігі тазалап жуылады. Осы тұста ағынды судың астында көздің қарашығы ойылып, ағызылады. Қарашығы ағызылмаса, ол піскен кезде тастай қатты болып қатып қалады. Ал көз кәделі мүшенің бірі болғандықтан мұндай ағаттықты жібермеген дұрыс. Піскен қой немесе ешкі басының маңдайы қасқаланып тілініп, бір құлағы кесіледі. Қазіргі уақытта осы ырымды көзі көріп, өздері де жасап жүрген әжейлер, оны бастың құйқасының дұрыс піскенін я піспегенін анықтау үшін жасалады деп түсіндіреді.

Бас тарту - Подача головы барана ©jas.kz

Бас тарту - Подача головы барана ©jas.kz

Бас тарту - Подача головы барана ©jas.kz

Бас тарту - Подача головы барана ©jas.kz

Бас тарту - Подача головы барана ©jas.kz

Бас тарту - Подача головы барана ©jas.kz

Сондай-ақ кейбір өңірлерде бастың бір құлағын кесіп алып тастау да кездеседі. Бұл да қой басының дұрыс піскендігін анықтау үшін қажет екен. Кесілген құлақ сол үйдің кенжесіне ұсынылады. Бұл көбіне оңтүстік өңірінде кездеседі. Аталмыш өңірде бас екі құлақпен тартылатын болса, оны ерсі санайды. Ал еліміздің кей өңірлері екі құлақпен едірейген басты айыпқа бұйырмайды.

Мәселен, Маңғыстау өңірінде бас екі құлақпен тартылады және бір құлақ бас табақтағы етті тураған жігітке беріледі. Бұл да жергілікті салттың бірер ерекшеліктері болмақ. Құлақтың түбіндегі құйқа бастың ең ұзақ пісетін жері. Сондықтан бір құлағы кесіліп, маңдайы қасқаланған бас, үй иесінің тексеруінен өтіп, әбден піскен, керемет ас дегенді дәлелдейді. Ал басты екі құлақпен тартатын өңірлер екі құлақтың түбін кесіп қояды екен. Дұрыс піспеген құйқа қызарып тұрса, оны ары қарай дайындығына дейін тағы пісіреді.

Бас тарту - Подача головы барана ©jas.kz

Бас тарту - Подача головы барана ©jas.kz

Бас тарту - Подача головы барана ©jas.kz

Бас тарту - Подача головы барана ©jas.kz

Бас тарту - Подача головы барана ©jas.kz

Бас тарту - Подача головы барана ©jas.kz

Бас тарту - Подача головы барана ©jas.kz

Бас — жасы үлкен ауылдың қариясына, сол ортаның сыйлы адамына, әулеттің үлкеніне, құдасына тартылады. Бас міндетті түрде бөлек табаққа салынуы тиіс. Басты нанның үстіне салу үлкен қателік. Бас тартылған қария оны өзі жеп тастамай, ауыз тиген соң жанында отырғандарға кәделерін үлестіре бастайды. Бастың бір шекесінен кәделеуді бастаған қария, екінші жағына пышақты тигізбейді. Бастың бір көзі ғана алынады. Екі көзі ойылған бас ары қарай дастарқан үстінде берілмейді. «Бас көзсіз жүрмейді» деген сөз осыдан қалған болу керек.

Ал бастың бір жақ бөлігін жемеу, оның ас иесіне толықтай жетіп, ол да бастан ауыз тисін деген ниетпен жасалады. Бастағы кәделі мүше құлақ, үйдің кішілеріне бұйырады. «Құлағың әрдайым түрік болсын, ата ұлағатын ұйып тыңда, ақылына құлақ ас», деген сөздермен балаға құлақ ұсынылады. Көз бастың ең кәделі мүшесі болғандықтан, оны өзімен қатарлас, құрдас, сыйлы адамға ұсынады. «Бірімізді біріміз алыстан көріп, аманымыз түзу болсын», деп жатады.

Ал кейбір жерлерде көз басқаша беріледі. Мәселен, бір кісі құдасының немесе басқа ауылға қыдырып барғанда бас ұстаса, сол ауылда тұратын перзенті немесе жақын туыс адамына көз қырын салып жүрсін деген ниетпен сол ауылға абыройы бар адамға көзді ұсына отырып, «көз қырыңды салып жүрерсің» деп береді. Желкесін кесіп алып, жаста болса, бас болып жүрген табысты жас ер кісіге асатады. «Желкең күжірейіп, өссін!» дейді. Таңдайы алынып, әнші болам деп ниет қылған қыз бала немесе жас ұл баланың алақанына ұрып, бірден шап беріп ұстаса, «жезтаңдай әнші бола ғой», деп бата беріп ұсынады. Езуінен ұсақтап кесіп алып, жақын отырғандарға «езулеріңнен күлкі, жүздеріңнен қуаныш кетпесін», деп ауыз тигізеді. Ары қарай дастарқан басында отырған сыйлы қонақтардың есімдері аталып, басты табағымен ұзатып жібереді.

Бас тарту - Подача головы барана ©jas.kz

Бас тарту - Подача головы барана ©jas.kz

Басты үлкен дастарханға апарудың да өз ережесі бар. Айталық, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Зылиха Өмірбекқызы бастың маңдайын айқыштап тілу – жол ашу дәстүрі деп түсіндіреді. Сондай-ақ бастың тұмсығы мен желкесі қарияға қаратылып ұсынылмайды дейді доцент Зылиха Өмірбекқызы. Кесілген құлақ жағына пышықтың сабы ішіне қарай қаратылып, бас сол жақ шекесімен қария алдына қойылады. Кей жерде басты кәделеуге су жаңа пышақты қолданады, содан кейін ас иесінің шешімімен қария оны кәде сый ретінде иемденуі мүмкін. Ал басты кәделеп жүрген тәжірибелі ақсақалдар арнайы бәкісін өзімен бірге ала келеді. Бұл қарияның жұрт алдындағы беделді ақсақал екенін дәлелдейді.

Әңгіме болған мәселелер: Қойдың басын қалай пісіреді; қой басын дайындау; малдың басын асу, бас тарту 

Шырақ Байкенова

- Advertisement -spot_img
- Advertisement -spot_img
Соңғы жарияланымдар

Kazakhstan Global Investment Roundtable: Қазақстан әлемдік БАҚ назарында

Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев Kazakhstan Global Investment Roundtable аясында ұйымдастырылған іс-шарада шетелдік БАҚ өкілдерімен кездесті. Бұл туралы...
- Advertisement -spot_img

Өзге жазбаларды оқи отырыңыз

- Advertisement -spot_img