Алматы облысында мемлекеттік қызметшілер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері ағылшын тілін үйрене бастады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының кеңесшісі Әсем Тоқтасын мәлім етті.
«SLICE OF ENGLISH» жобасы Елбасының «Тілдердің үштұғырлығы» саясатын қолдап, мемлекеттік қызметкерлердің ағылшын тілін «Elementary» деңгейіне жеткізу үшін бағытталған.
«Бұл жоба үштілділік арқылы Қазақстанды алдыңғы қатарлы дамыған елдердің санатына енуге жетелейді. Себебі Елбасымыз айтып кеткендей: «қазақ тілі — мемлекеттік тіл, орыс тілі — ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі — жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі», — деп мәлім етті Ә.Тоқтасын.
Жоба аясында қызметкерлер теориялық білімдерін, іс жүзінде пайдаланатын болады. Оқыту «көрнекі-ақпараттандыру» әдісімен өтеді. Яғни, мекемеге үлкен стендтер орнатылып, стенд қалташаларына күн сайын жаңа сөздер енгізіліп отырады. Тіл үйрету курсы жарты жылға есептелген, оның нәтижесі бойынша тестілеу өтеді.
«Жүргізіліп жатқан жобадан күтілетін нәтижелер көп. Ол ағылшын тілін білуге деген қызығушылықты арттыру, есте сақтау қабілеттерін жоғарылату. Егер жақсы қорытынды шығып жатса, жұмыс уақытынан тыс түрлі тренингтер өткізетін боламыз», — деді Тоқтасын Әсем.