Қазақтың оташылық өнері

3708

Қазақтың оташылық (сынықшылық) өнері әлемде сирек кезігетін ғажап өнер. Қытайдың Алтай аймағы Бурылтоғай ауданында тұратын Мәулітшәріп Қапаұлы – осы өнермен мықтап айналысқан зерттуші. Төменде сол кісінің «Қазақ емшілігі» деген кітабынан сынықшылық туралы жазбаларын жариялауды жөн көрдік.

 Кәрі жілікті салу әдісі

Кәрі жіліктің сынуы негізінен жығылу, ауыр нәрсе үстінен басу, соғылу қатарлы жағдайлардан болады. Кәрі жілік екі қатар сүйек болып, білезік буынының бас жағынан сынуы көбірек кездеседі. Кейде бір сүйегі, кейде екі сүйегі де сынады.бір жақ сүйегі сынып, білезік буындары таюы көбірек кездеседі. Кәрі жілік сынуын салуда алдымен тұзды шаймен сылап, уқалап сіңіру арқылы орнын толық білу керек. Онан соң білезік буыннан бір орамалды салып, білезігінен саусақтарды қоса ұстап бір адам тартып тұрып, сынықты және буын таюларын қоса түсіріп, сормақта және таңғыш қалыптармен таңып болған соң қоя береді.

Мұнда сынықты қатты таңбау керек. Сормақтаны көбірек істетіп, жоғарыда айтылған күту, қарау, бақылау жолдарымен күтінеді. Суық тигізбеу, уағында босату, қайта ораудай басқыштарды толығымен орындау керек.

Білезік, алақан, саусақ буындарының таюы және сынығын салу әдісі

Саусақ қайырылу, соғылу немесе бұралу, жаншылу, қыстырылу сияқты себептермен білезік, алақан, саусақ буындары оңай шығады немесе сынады.

Алақан буынын немесе сынығын салу әдісі: алдымен қайсы буын шыққандығын немесе сынғандығын анықтап алып, онан соң тұзды шайды сол орынға көп мөлшерде жағып, сылап, тарап, бір адам білезік басынан жоғары қарай, енді бір адам басбармақтан басқа төрт саусақты екіге бөліп ұстап тартады. Буын алақанның ішіне қарай шықса немесе сынса алақанды үстіне қарай, ал, сыртына қарай шықса немесе сынса алақанның сыртын үстіне қарай соза тартады.

Оташы тарту мөлшерін, түскен-түспегендігін бақылауы әрі лайықты басып орнына келтіруі керек немесе тарту бағытын дұрыстап, қаттырақ тартқанда өздігінен орнына келеді. Сынық салынған соң таңғыш, қалып қолдың сыртына қойылып байланады.

Білезік буынының шығуын салу әдісі:

Білезікте 6 бөлек сүйек бар. Алдымен, сүйектердің қай мөлшерде екендігін, сіңір еттерінің жаншылған-жаншылмағандығын толық айырып алу керек. Егер жаншылған болса ауырғанын басатын, қан жүргізетін дәрілерді қоса пайдалану керек.

Білезік буынын салғанда оташы алдымен тұзды шаймен толық тарап, уқалап, жадыратып алып, кәрі жілік көлемінен бір орамалмен және білезік буынының аяқ жағынан лайықты жалпақ бұлмен басбармақ буынының үстіңгі мөлшерінен алып, алақанды астына қаратып, алғашында баяу, бір қалыппен бостапай қатты тартып көтеріп тұрып, шыққан білезік буынын қолмен басып түсіру керек.

Толық түскеннен кейін сормақта тартып, қаттырақ байлап, үшінші күндері босатса болады. Әдетте, білезік сыртқы буынaының шығуы, кәрі жілік төменгі басының жарылып сынуы көбірек кездеседі.

Буынды орнына толық түсіріп, жалпақ шүберекпен қаттырақ байлап, сыртынан 4 дана ағаш қалыппен сүйемелдеп таңып қойса болғаны.

Саусақ буыны шығуын және сынығын орнына келтіру әдісі:

Мейлі, қайсы саусақ буынында таю немесе сыну болсын, орамалды мөлшерлі бүктеп, үстіңгі жағын тартып тұрып, оташы өзі саусақ буынын немесе сынығын тартып салуы керек. Баяу тартудан қаттырақ тартқанда саусақ буындары орнына түссе «сырт» еткен дауыс шығады. Онан соң біраз тартыңқырап барып, лайықты сормақта тартып байлайды. Егер сынған болса, сыртынан ағаш қалыппен таңып қояды.

Алақан және саусақ сүйектері шорт та, қиғаш та, сызаттанып та және жарылып та сынады. Жарылып сыну көбірек кездеседі. Мұнда қай жерінің сүйегі сынғандығын анықтап алып, соған туралап ағаш қалып жасау керек әрі алдын ала тұз салған шаймен көбірек сылап, ысқылау керек.

baq.kz